Жаңалықтар

Ән тербеп, күй күмбірлеген дүбірлі думан

Облыстың 85 жылдығына орай Тұрар Рысқұлов ауданында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күні жоғары деңгейде өтті. Биыл облыс аудандарында екінші рет ұйымдастырылып отырған мәдениет күндері іс-шарасының басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу. Ал, аталған ауданда бұл күні ауылшаруашылық көрмесі қойылып, жәрмеңке ұйымдастырылды. Сонымен қатар, спорттық жарыстар және ат спортының ойындары өткізілді.

Әуелі Ақыртөбе ауылынан бой көтерген жаңа мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Келбеті көз тартарлық көрікті мәдениет үйі заманауи үлгіде салынған. Бұл нысанның құрылысын «АКМ груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба құны 233,3 миллион теңгені құрайды. Мәдениет үйі 140 орындық көрермен залымен, кітапханамен және қажетті құралдармен қамтылған. Сондай-ақ, мұнда әр түрлі үйірмелерді ашып, өскелең ұрпақты өнерге баулуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев ақыртөбелік жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады.

Аудан әкімі Ернар Есіркепов те ізгі істің басынан табылды.

Құлан ауылының орталығындағы ауданның мәдениет күніне арналған іс-шара Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың сахналық-қойылымдық көрінісімен басталды. Екі мың жылдан аса тарихы бар Таразбен тамырлас Құлан өңірі от ауызды ақындар мен жүректі батырларды тудырған өлке. Атадан қалған салт-дәстүрлерді ғасырлар бойы сақтап, ұрпаққа жалғаған халықтың барлық асыл қасиеттері ән-күймен, көз сүйсіндірер бимен ұштастыра көрсетілді.

Ақ тілектер ақтарылған соң іс-шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Осы ауданда туып-өсіп, бүгінде өнерімен дүйім елге танылған Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Өмірбаева және актерлік шеберліктерімен есімі елге мәлім Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбай, Жандарбек Садырбаев та жерлестеріне керемет көңіл күй сыйлап, қуанышт арымен бөлісті. Сондай-ақ, қонаққа келген «Жігер» тобы да әдемі әндерімен шашу шашты.

Ауданның мәдениет күндері өткен орталық сахнаның оң жағына ауылдық округтер ақ қанатты киіз үйлерін тігіп, іші-сыртын ұлттық нақышта жабдықтап, түрлі дәмнен дастарқан жайды. Оны ары қарай спорттық жарыстарға арналған алаңша, содан соң ұлттық дәстүрлер көрсеткен алаң жалғады. Жолдың қарама-қарсы бетіне Құлан қалашығының бейнесі салынып, одан беріде театр орын тепкен. Одан соң мерекелеуге келген балалардың ойын алаңы орналасты. Дүбірлі тойдан аудандағы өзге этнос өкілдері де қалыс қалмай, әрқайсысы өз ұлттық келбеттерін көрсететін көрме ұсынды. Қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұмыт қалмады. Одан жоғарыда оркестр орналасып, мәдениет күнін бастан-аяқ әсем әуенмен әрледі.

Бұл күні алуан түрлі өнер көрсетіліп, мерекелеуге келген тұрғындар спорттық жарыстарда күш сынасып, ат спортын тамашалады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен керегін тауып, сатып алумен қатар асыл тұқымды төрт түліктің көрмесін көріп, өздеріне қажетті ақпарат алды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы