Сәулет өнеріне сән берген Еділ
Бәрекелді десек те жарасатындай қуаныш. Жерлесіміз, танымал сәулетші Еділ Момынжановтың ұзақ жыл бойғы еңбегі жемісін беріп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың шешімімен «Құрметті сәулетші» төсбелгісіне ие болуымен құттықтаймыз. Оны Еділ Төлепбергенұлына министрдің өзі табыс етуі де – үлкен құрмет.
Осы тұста Еділ Момынжановтың еңбек өмір жолына тоқтала кеткен жөн болар. Ол 1966 жылы Байзақ ауданы, Дихан ауылында туған. Алматы құрылыс техникумын сәулетші, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген. Әскери борышын 1986 жылы өтеп қайтқан. Желтоқсан оқиғасына қатысқан азамат. Еңбек жолын 1989 жылы «Джамбулгражданпроект» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастаған. Мұнан соң «Джамбулархфонд» мекемесінде сәулетші, Тараз қалалық сәулет және құрылыс бөлімінде жобалаушы сәулетші қызметтерін атқарған. Міне, сол кезде Тараз қаласының қазіргі Төле би көшесіне көптеген тұрғын үйлер Еділ Момынжановтың жобасы бойынша салынған. Тектұрмас баба кесенесінің салынуына да бірнеше авторлармен бірігіп, өзінің үлесін қосты. Еділдің сәулет өнеріне сіңірген еңбегі тек Тараз қаласымен өлшенбейді. Еділ Төлепбергенұлы Шығыс Қазақстан облысында жаңадан Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың салынуына үлесін қосқан сәулетші. Алматы қаласы мен Қостанай облысында да Еділдің сәулеттік қолтаңбасы қалды. Елімізге танымал ірі компанияларда, «Қуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сәулетші болып еңбек етті. Астана қаласы жаңадан салына бастаған кезде сәулетші Еділ Момынжанов еліміздің басқаласында еңбек ететін. Есілдің сол жағалауында салынған көптеген ірі құрылыстарда, сәулетімен сән берген нысандарда Еділдің қолтаңбасы жатыр.
Еділ Момынжанов 2009 жылы «НЕТА – проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болса, 2015 жылдан бері «ҚАЗАТОМПРОМ» жоғары технология институтында жобаның бас инженері болып лауазымды қызмет атқарып келеді. Ол 2021 жылы «Желтоқсан қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаевтың қолынан бірнеше марапаттар алған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісімен марапатталған.
Еділ Төлепбергенұлын «Құрметті сәулетші» атануымен сәулетші ағасы Әділ Момынжанов, жамбылдық сәулетші әріптестері Бақытжан Сыздықов, Рүстем Бодаубеков, Дәулет Медетов және өзінің жары Гүлжан, ұлдары Ерсұлтан мен Мұрат, келіндері, немерелері Таңбол мен Ерқанат құттықтайды. Сәулетші Еділді туған жері байзақтықтар құрметтеп, мақтаныш тұтады.
Байзақ ауданы