Жаңалықтар

Қауіпті ауруды жеңді

Тараздық дәрігерлер ми қан тамырларының сирек патологиясынан науқасты аман алып қалды. Облыстың 53 жастағы тұрғыны қатты мазасызданған соң, жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырған. Оның қан қысымы 140/90, жүрек соғу жиілігі минутына 82 соққы, қандағы қант 12,5 ммоль/л, қанықтылық 94 пайызды көрсеткен.

Шұғыл түрде әйел Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізіледі. Мидың компьютерлік томографиясы көрсеткендей, мидың сол жақ маңдай бөлігінде ишемия, мидың сол жақ жарты шарының желке бөлігінде субакуталық кезең анықталған. Жағдайдың ауырлығы бойынша ол инсульт орталығына жатқызылады. Онда 10 күн бойы цереброваскулярлық ақауымен, сол жақ ортаңғы ми артериясы бассейнінде қайталанатын (төртінші) ишемиялық инсульт диагнозымен емделеді. Сондай-ақ, одан орташа дәрежедегі оң жақ гемипарез, оң жақтағы гемигипестезия, жеңіл дизартрия түріндегі асқынулар байқалады. Науқасқа қосымша тексеру жүргізіліп, ми мен мойын тамырларының КТ ангиографиясы кезінде контрастпен «Мойа-мойа» ауруы анықталады.

Айта кетейік, ол 2014 жылы, содан кейін 2024 жылдың қаңтары мен сәуірінде цереброваскулярлық апатқа ұшыраған екен. Дәрігерлер оған жоспарлы түрде ота жасап, оны сәтті атқарып шықты.

Маусым айында емдеудің бірінші кезеңі орындалған. Яғни, сол жақ беткі уақытша артерияның фронтальды тармағы мен сол жақ ортаңғы ми артериясының М4 сегменті (кортикальды тармақ) арасындағы экстра интракраниальды микроанастомоз, инсульттің алдын алу және мидың қан айналымын (перфузиясын) жақсарту үшін уақытша арнайы тәсіл (bypass) қолданылыпты. Қалалық көп салалы ауруханасының нейрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әйтімбетов, тамырлы нейрохирург Еркебұлан Меркібеков, ассистент Алмас Құралбаевтың жасаған отасы жеңіл өтіп, бүгінде науқас үйіне шығарылған.

Жақында оған қосымша тағы да екінші операция жасалды. Онда оң жақ беткі уақытша артерияның париетальды тармағы мен оң ортаңғы ми артериясының М4 сегменті (париетальды тармақ) арасындағы экстраинтракраниальды микроанастомоз жүзеге асырылды. Бұл отаны жоғары деңгейде жасаған дәрігерлер алдағы уақытта науқастың хирургиялық емдеуді қажет етпейтіндігін және қан тамырларының қысылуын болдырмау үшін арнайы ем түрлерін қабылдап тұратындығын айтты. Осылайша, ұзақ жылдар бойы өзін мазалаған дерттен құтқарған дәрігерлерге алғыс айтқан пациенттің жағдайы тұрақталып, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасының бақылауына жіберілді.

«Мойа-мойа» деп аталатын бұл ауру жапон тілінен аударғанда «түтін клубы, тұман» деген мағынаны білдіреді. Ол ми тамырларының сирек кездесетін созылмалы прогрессивті ауруы, ол ішкі ұйқы тамырлары интракраниальды сегменттерінің (vaa), алдыңғы және ортаңғы ми артерияларының окклюзияға дейінгі бастапқы бөліктерінің баяу, тіпті айлар мен жылдар бойы тарылуымен сипатталады. Аурудың айқын ерекшелігі – ангиограммаларда жеңіл тұман әсерін тудыратын мидың негізінде коллатеральды тамырлар желісінің қалыптасуы. Дәл осы белгі 1969 жылы ауруға заманауи атау берген. Бұл цереброваскулярлық ауруларға жатады, қазіргі уақытта оны емдеудің жалғыз әдісі хирургиялық тәсіл болып отыр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА