Экономика

Жайылым жер көлемі ұлғайып келеді

Өндірісі өркендеген Жамбыл ауданында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы үлкен. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биылғы жылдың өнімі үшін 60 мың гектар алқапқа орналастырылған егіннен, дәнді-дақылдардан, бау-бақшадан, картоп пен қант қызылшасынан, жоңышқа алқаптарынан жақсы өнім жиналуда.

Мәселен, ауданда бидай 4080, арпа 12000 гектар алқапқа орналастырылса, бидайдан 6 мың тонна, арпадан 21244 тонна өнім алынған. Оның әрбір гектарынан жиналған орташа өнім 13,5-17,3 центнерді құраған. Ал, жем-шөп қоры да жеткілікті мөлшерде дайындалуда. Ендігі кезекте басқа да дақылдар мен бау-бақша өнімдері жиналуда. Жиын-терін жұмысын жақсарту үшін ауданда жыл ішінде жүзден аса жаңа техника сатып алыныпты.

Оның айтуынша, 11,1 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 128,7 пайызды құраған. Шоқай ауылында жаңа мектеп, Қаракемер ауылында ауыз су жүйесі, Сұлутөр, Айша бибі, Гродеково ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілген. Бесағаш, Түрксіб ауылдарының ауыз су құрылысы, Қаракемер және Тоғызтарау ауылдық округі әкімшілігі ғимараттарының құрылысы аяқталған. Ал, Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдарында спорт кешендері, Қызылқайнар және Ақбұлым ауылдарында Мәдениет үйлері бой көтеруде. Аса ауылында аудандық мұражай, орталық кітапхана, мұрағат, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығының құрылыстары басталған.

Мәдениет пен өнерде де ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Республикалық және аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдық округтерінде спорт кешендері, Қызылқайнар, Ақбұлым ауылдық округтерінде Мәдениет үйлері бой көтерді. Тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолға алынған жұмыстар да жемісін беруде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы