Төрт түліктің төресі
Қазақ халқы үшін төрт түліктің ішінде жылқының алар орны ерекше. Жануар судың тұнығын ішіп, шөптің асылын теріп жейді. Бүгінде ғалымдар қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп екенін айтуда. Әрбірден соң биенің сүті альбуминдік (сүттің ерекше түрі) қасиетке ие. Бұл дегеніңіз – бие сүті ананың сүтімен пара-пар деген сөз.
Қымызда кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше болып келеді. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал, оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары қаншама?
Қымыз бағзы заманнан қазақтың сүйікті асы, шөл басар сусыны болған. Кеңес дәуірінде оның пайдасын жете түсінбеген шолақ белсенділер ескінің қалдығы деп ұрандатып, ашаршылық жылдарда жылқыны үйірімен, түйені келесімен қырғынға ұшыратты. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында пышағын жалаңдатқан кәсіпкерлер қатары көбейіп, колхоз-совхоздың малын пайда үшін қырып салды. Дегенмен де қазақ осы кезеңдерде аздап қымыз, шұбат дайындаудан алыстап қалған еді. Бертінде бұл – бір жағы күн көріс, екіншіден табыс көзіне айналды. Содан бері ауылдарда жылқы ұстап, бие байлап, қымыз өндірушілер қатары артпаса, кеміген жоқ. Бүгінде Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі мен Қордай аудандарында бие байлап, қымыз өндіру жақсы жолға қойылған. Мәселен, соның ішінде Т.Дүйсебайұлы, яғни «Амангелді» қымызына деген сұраныс қайда болса да жоғары. Бұл ауылда үй сайын бие сауылып, қымыз ашытылады. Кеңес өкіметі тұсында-ақ бұл ауылдың қымызын Мәскеудегі шипажайлар ем үшін алдырып отырса керек.
Соңғы жылдарда бұл сусынды өндіруге, сатып алуға деген шетелдіктердің қызығушылығының артқаны байқа лады. Әсіресе, немістердің бие сүті мен қымызды өздерінің өндірісіне енгізуі қызығарлық жағдай. Еліміздегі бал қымыздың бар құпиясын біліп алған германиялықтар көл-көсір пайдаға кенеліп, оны салауатты өмір салтына айналдырған. Олар қымызды шөлмектеп сатып, дүкен сөрелеріне толтырып тастайтынын естіп жүрміз. Тіпті, Қарағанды облысында Цайман деген кісі жергілікті қожалықтың бірімен бірлесе 1 мың бас сауынды бие ұстап отыр. Онда қымызға деген сұраныс жоғары екен. Өндірісі де жақсы жолға қойылған. Бұл кәсіпті онда ашып жүргендер біздің елден көшіп барған немістер. Ал, бізде қымыз өндірісі әлі күнге өз деңгейінде дамымай тұр. Ол үшін «ғылыми тұжырым керек, кәсіби маман керек» деп, керек-жарақты түгендеп жүргенде, көп нәрседен құр қалудамыз.
Жалпы, ғалымдар да бие сүті мен қымыздың құрамында адамға қажетті дәрумендердің көптігін дәлелдеп отыр. Тіпті, соңғы кезде бие сүтімен кейбір онкологиялық аурулар сауығып кетіпті. Сондай-ақ, ол адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бастың айналуын, созылмалы сары ауру, ұйқысыздық, ішектегі жара сияқты аурулардың алдын алады. Кейбірін жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар. Бұл элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түседі екен.
Елімізде қымыздың құрамын зерттеп жүрген ғалымдар аз емес. Айталық, Алматы қаласындағы аграрлық университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, қымызтанушы Зұлқарнай Сейітовтің ұлттық сусынымызды зерттеп жүргеніне 50 жыл болыпты. Ол кісінің айтуынша, бүгінде шетелдіктер қымыздың ақуызындағы лактоферриннен ісік ауруына қарсы дәрі-дәрмек жасауды қолға алыпты. Оның бір грамы мың доллар тұрады. Ал, Швеция Моңғолиядан бие сүті майының бір грамын 150 долларға сатып алады екен. Олар әлгі майдан «Простагландин» дәрісін дайындайды. Аяғы ауыр әйелдерге арналған бұл дәрі әзірше тек Швецияда шығарылады. Одан жасалған дәріні нарықта 5 мың доллардан өткеруде. Біз ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін, қандай қымбат болса да сатып алуға мәжбүрміз.
Бие сүтінің ақуызы өте нәзік. Оны ішкен сайын іште тез еріп, жылдам қорытылып, заматта сіңіп кетіп отырады екен. Дәрумендері де жеткілікті. Әсіресе, «С» дәрумені барлық аурудан сақтайды. Ғалым «Кезінде қазақтарда жүрек ауруы неге аз болған? Қымыздың майы сұйық болып келеді. Ол жүрек тамырларында пайда болатын түйіршіктерді ерітіп, қан айналымы жұмысын жақсартады. Оған оттегінің дұрыс жетуін қамтамасыз етеді. Жүйке ауруларының барлығы да осы түйіршектен туындайды» деп қорытынды жасаған екен.
Бүгінде елімізде ер адамның 35- 40 пайызы белсіздікке ұшырағаны мәлім. Ішетіні – консервацияланған сусын, тамақтарында дәрумен аз. Кәсіпкерлер көкөніс пен жеміс-жидекті тез әрі мол өсіреміз деп нитратты көп қосады. Сөйтіп адам денсаулығына қауіп төндіріп жатқанын ойламайды. Ал, қымызда мәңгілік жас болудың элексирі бар екен. Өйткені, оның құрамында адамға керекті дәрумендер жеткілікті. Ертеректе қымызды жүйелі тұтынған аталарымыз 80-90-да аттан түспеген.
Ауылда екі-үш биені байлап қойып, сүті мен қымызын сатып жатады. Қашан барсаң да тоңазытқышы құтыға құйылған қымызға толып тұрады. Сауып отырғаны екі-үш бие. Білмейтіндер осынша биеден де көп пайда табуға болады екен деп ойлап қалуы бек мүмкін. Бірақ, қымыз ішіп жүрген жұртты бұлай алдай алмайсың. Алдасаң келушілерді жоғалтатының анық. Сондықтан да қымыз өндірушілер қашанда қымыздың бабын келтіріп, тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысып бағады.
Базарларда, оның маңайында сатылып жатқан қымыздың барлығын бірдей жақсы деп айтуға келмейді. Бұл мәселемен облыс әкімдігі ветеринария бөлімінің бас маманы Лаура Абиді сөзге тарттық.
Қымыз халықтың жиі тұтынатын сусыны. Оның қыста азаятыны белгілі. Германиялықтар қымыздың ұнтағын шығарып пайдалануда. Ал, бізде ол неге әлі күнге қолға алынбаған? Осы сауалмен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Наноинженерлік зерттеу әдістері» ғылыми-зерттеу зертханасының инженері Ерлан Әтеновті сөзге тартқан едік.
Жалпы, қымызды медицина саласында қолдану бұрыннан бар екен. Бұл туралы Мырзатай ауылындағы облыстық туберкулезге қарсы ересектерге арналған шипажайдың бас дәрігері Төлеген Бугибаевтан білдік.
Бұдан бөлек, дәрігер қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер барын айтты. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды екен. Әрі қуаттандырады. Сонымен қатар, жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан болғаны. Ал, ашыған қымыз шөлді басып қана қоймай, қантамырда қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алуға көмектеседі. Ашығудан соң қымыз ішу буын ауруларына да өте пайдалы. Сондай-ақ, дәрігер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге кеңес береді. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин, эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады екен.
Ал, ардагер мал дәрігері Әнуар Махаев болса, «Қымызбен адамды ғана емес, сонымен бірге түрлі дертке шалдыққан мал ауруларын да емдеуге болады. Бие сүтін, қымызды бұзаулардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, тауық балапандарына «А» және «В» дәрумендері жетіспегенде, сауын сиырлардың іріңді желінсау (мастит) ауруына ем ретінде қолдануға болады», – дейді.
Қарап отырсақ, бие сүті тек шөл басар сусын ғана емес, емдік қасиеті мол екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ