Өзекті мәселелер оң шешімін тауып келеді
Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, бүгінде өңірде жұмыстар қарқынды жалғасын тауып келеді. Бекітілген кестеге сәйкес Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Қаракемер, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдық округтерінің тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізді. Ауылдық округ әкімдерінің өткен жылы атқарған жұмыстарын назарға алып, аудан көлемінде тиянағын тапқан тірліктерге тоқталды. Осы жылға жоспарланған жұмыстарды тілге тиек етіп, қолға алынатын істер жергілікті халықтың қажетін өтеуге бағытталғанын айтты.
ҚАРАКЕМЕРДЕ АУЫЛІШІЛІК ЖОЛДАР АСФАЛЬТТАЛУДА
Кездесуде аудан басшысы округте биыл атқарылған жұмыстарды атап өтті. Мәселен, тұрғындар өтінішіне сәйкес, Қаракемерде әмбебап спорт кешені игілікке берілсе, биыл ауылішілік көшелер асфальтталуда. Күре жолдың бойына жол белгілері, бейнебақылау камералары орнатылған. Ауқымды жұмыстарды естіп, білген ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, талап-тілектерін білдірді.
КӨШЕ ЖАРЫҒЫНА КӨҢІЛ БӨЛІНІП, СУ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛУДА
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жергілікті жұртшылықпен кездесуде Ерназар елді мекеніне ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, ауыл орталығындағы аллея күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын, егістікке ағын су жеткізу жұмыстарын қолға алу бойынша ауылдық округке қарасты «Сұлукөл» көліне 4 миллион текше метр су жиналып, су мөлшері шаруалар игілігіне берілгенін атап өтсе, Өрнекте тұрғындар ауылішілік көшелердегі трансформатордың қуаттылығын арттыру, қиылыс көшелерді асфальттау сынды мәселелер қашан шешімін табады деген сауалын жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы көтерілген сұрақтарды хаттамаға енгізуді тапсырып, мәселелердің шешілу ретін заң аясында түсіндіріп өтті.
Айта кетейік, «Жомарт түлек» жобасы аясында округтегі «Ташимбаев» шаруа қожалығының төрағасы Танат Ташимбаев Әбдіхайым көшесінің бойынан балалар ойын алаңын орнатып, жақын арада қолданысқа беріледі деп күтілуде.
ТОҒЫЗТАРАУДА КІШІ ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ САЛЫНУДА
Аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі Тоғызтарау ауылдық округінде жалғасын тапты. Әуелі Ерлан Қыдыралыұлы ауылдағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, өткен жылы округте шешуді қажет ететін 8 мәселе бүгінде шешімін тапқанын атап өтті. Айталық, Тоғызтарау ауылындағы балалар ойын алаңы мен ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Сонымен қатар, Сұлтан каналының бойынан шлюз орнатылып, Жаңаөткел ауылының кіреберіс және шығаберіс аумағына бейнебақылау камералары қойылды. Көше жарығы, жайылым мәселесі, О.Сметілдә көшесін асфальттау жұмыстары да толығымен шешімін тапты. Ендігі кезекте Жаңаөткел ауылының тұрғындары ауыз су кіргізіп, кіші футбол алаңын салып берсе деген тілектерін жеткізді. Аудан басшысы бұл бойынша құжаттар әзірленіп, жұмыстар басталып кеткенін жеткізді.
Жәнібек АСАНОВ,
журналист
Жамбыл ауданы