Білім беру нысандарының құрылыс жұмыстарын тексерді
Жамбыл облысында 2024-2025 жылдары аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектептің құрылысы бар.
Биыл 18 білім нысанының құрылысы аяқталады деп көзделген десек, оның 6-ы «Жайлы мектеп».
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының алдында құрылысы жүріп жатқан білім ошақтарының жұмысымен танысып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Облыс әкімі Байзақ ауданы мен Тараз қаласындағы бірқатар жаңа білім ошақтарының құрылыс алаңында болды.
Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы аяқталған. Бүгінде пайдалануға беру бойынша шаралар атқарылуда.
Ал, Тараз қаласы «Ұлы дала» шағынауданында 3 білім беру ұясының, оның ішінде екеуінің құрылысы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жүзеге асуда. Мектептің екеуі 1200, біреуі 2000 балаға шақталған. Биыл аталған аумақтағы бір мектепті қыркүйек айында, қалған екеуін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» шағынауданында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде салынып жатқан 1200 балаға арналған мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары 65 пайызға орындалып отыр.
Ербол Қарашөкеев нысандарды аралау барысында жауаптылармен арнайы кеңес өткізіп, құрылыс жұмыстарын сапасына жіті көңіл бөліп, білім нысандарын мерзімінде тапсырудың маңыздылығын ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі