Ақыл-ой аламанында бақ сынасты
Ерекше жандарды қолдау, оларға көмек көрсету баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен Қайрат Рысқұлбеков орталық саябағында спорт күні аталып өтті.
Мерекеде арнайы кітапхананың оқырмандары шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ой еңбегін қажет ететін ойын түрлерінен бақ сынасты. Спортшыларды облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа «Қазақ соқырлар қоғамы» облыстық филиалының 16 мүшесі қатысты. Қатысушылардың бірқатары бұған дейін де облыс және қала көлемінде жоғарыда аталған спорттық ойындардың жеңімпаздары атанып, республикалық, халықаралық додаларда топ жарған. Ал, интеллектуалды ойындарға спорт клубының жаттықтырушысы Дулат Ерғазы төрелік етті.
Жарыс соңында тоғызқұмалақтан жүлделі бірінші орынды Аружан Құттыбай иеленсе, Шамиль Ришад пен Бекзат Таласбаев екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. 18 жасқа дейінгі шахмат ойынында екінші орынды Бағым Жақсымбет алса, бірінші орынға Даяна Жақсымбет жайғасты. Ал, ересектер арасында үшінші орынды Бахтияр Исатаев, екінші орынды Еңлік Егімбаева иеленсе, Фарид Сибагатуллин бірінші орынның биігінен көрінді. Сондайақ, дойбыдан үшінші орынды Ерлан Жақсылықов, екінші орынды Асылбек Бөкеев иеленіп, Иминэмир Миратаев оқ бойы озып жеңімпаз атанды.
Нұрболат АМАНБЕК