Ортағасырлық Оххум қалашығы
Тарихи мекендер аймақ мәдениетінің ғана емес, ұлттың рухани қазынасының айнымас бөлшегі саналады. Ортағасырда өңіріміз арқылы Ұлы Жібек жолы өткендігін ескерсек, мұнда материалдық және рухани мәдениет жауһарларының топтасуы заңды құбылыс. Күн өткен сайын облысымыздағы тарихи нысандардың, жәдігерлердің құндылығы артып, құпиясы ашылып келеді. Мұндай ескерткіштер өткеннің болашаққа қалдырған аманаты, елдігімізді танытатын ата-бабаларымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің жаңғырығы. Бүгінде көпке беймәлім осындай тарихи мекеннің бірі – ортағасырлық Оххум қалашығы.
Қалашық қазіргі Байзақ ауданында Тегістік ауылынан солтүстік-батысқа қарай Тегістік-Бостандық тасжолының сол жағында орналасқан. Алғаш рет тарихи мекенді 1894 жылы Василий Бартольд зерттеп, ортағасырдағы орташа дамыған қалалардың бірі деп бағамдаған. Одан кейін де қалажұртты Александр Бернштам, Карл Байпақов, Мадияр Елеуов сияқты археолог ғалымдар зерттеп, мекеннен көптеген құнды заттай деректер тапқан. Олардың айтуынша, қала VІ-ХІІ ғасырларға жатады.
Тарихшылардың пікірінше, қала бекінісі төртбұрышты алаңқай түрінде салынып, қабырғалары дүниенің төрт бұрышына қараған. Ішкі мұнаралардың саны – 14 болса, қалған 4 бұрыштық мұнара оңтүстік-шығыста орналасып, ішкі қамал қызметін атқарған. Ал, қақпалар батыс және шығыс қабырғалардың ортасында орналасқан. Қақпаға жол ені 25 метрге дейін жететін, тереңдігі 2 метр болатын орға салынған бөгет арқылы өткен. Қалашықтың ішкі жағы адырлардан тұрады. Бұл шығыс және батыс қақпаны байланыстырған бас көше мен одан тараған кішігірім көшелер бойындағы тығыз құрылыстардың болғандығын білдіреді. Сыртқы қабырғаның арғы жағында қырық метрге дейінгі қашықтықта қалыпсыз пішіндегі тағы бір дуал орналасқан. А.Бернштам мұны қорғаныс жұмыстарына қажет құрылыс болған деп есептеген. Алайда, кейіннен аэрофотосуреттер көрсеткендей, дуал сыртында қабырғамен қоршалған жер телімдері екендігі белгілі болған. Солардың ішінде қалашықтың батыс жағындағы үшірі телім анағұрлым жақсы сақталған. Бұдан бөлек, Оххум маңында Талас өзенінің сол жақ сағасы – Қарабахр өзен суын қолданған ежелгі суландыру жүйелерінің қалдықтары анықталған. Одан ұзындығы алты шақырымға дейінгі магистральді каналдар тартылған. Осыған қарап-ақ, ортағасырда бұл аймақ тарихи маңызы бар, шаруашылығы дамыған мекен болғандығын аңғаруға болады. Археолог ғалымдар қалажұрттың бетінен, қабырғалардың құландыларынан, каналдардың қырқылған тұсынан жинақталған керамикалардан тарихи мекеннің VI-XII ғасырларға жататындығын айғақтаған.
Нұрболат АМАНБЕК