Жаңалықтар

Қыш құмыра құпиясы

Көнеден келе жатқан атамұра – қыш өнері бұйымдары бүгінде мол сұранысқа ие болмаса да, көрмелерде, айтулы шаралар мен музейлерде бұл жәдігерді байқап қалатынымыз бар. Жалпы, қыш құмыралар десе, көз алдымызға археологиялық қазбалар кезінде табылған ернеуі жарылып, сынған құмыралар келетіні сөзсіз. Ал, бағзы дәуірден сыр шертетін қыш құмыраларға қарап, кең байтақ қазақ даласында небір мықты қолөнер шеберлерінің өмір сүргенін аңғарамыз.

Негізінде Қазақстан жерінде қыш құмыралар неолит дәуірінен бастау алған. Ертеректе жерлеу рәсімінде мәйіттің қасына түрлі ыдыс-аяқтар қойылатындығын ескерсек, бұл құмыралардың ішінде тарлан тарихтың талай құпиясы сақталғандығы айқын. Ендеше, өткен күннен бізге жеткен мұраларды хал-қадерінше бағалау – болашаққа парыз.

Бұл күнде аймақтың рухани құндылығына айналған аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігерінің бірегейі – биіктігі 86, ені 64 сантиметр болатын қыш құмыра. Осынау дүниені уақытында өңір тұрғыны Н.Қыздарбеков «Саудакент» қалашығынан тауып, музейге өткізген. Рас, қыш құмыраның ішіне бүккен құпиясы көп. Жасампаз жәдігер алыстан қараған адамға қарапайым зат болып көрінуі де бек мүмкін. Әйтсе де, індете зерттеп, тереңіне үңілген ойлы адамға оның қадір-қасиетін ұғу тіпті оңай. Қысқаша айтқанда, саз балшықты жады мықты, тілін тапса сөйлей жөнелетін тірі ағза десе де болады. Бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырым. Бәлкім, кейбір тұрғындар «Құмыралар сөйлейді» дегенге сене де қоймас. Десе де, олардың әрбірі өз дәуірі, сол замандағы адамдардың тіршілігі жөнінде сыр шертері анық.

Саз балшықтың қасиеті мұнымен ғана шектелмейді. Ол отқа да өте төзімді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашықтыққа заулайтын зымырандар моторының саз балшықтан жасалған керамикадан құйылатынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір заты төтеп бере алмай балқып кетеді. Ал, керамика, керісінше, оттың қызуы күшейген сайын қатая түседі. Қазіргі компьютерлер мен флешкалардың еске сақтау «мишығы» – жадысы да осы саз балшықтан жасалады. Сәт сайын мыңдаған ақпаратты жинақтап, қайта таратуға саздан жасалған мишықтар ғана қабілетті. Мұны музей қызметкерлері де жақсы түсінеді. Осы себепті, олар келген қонақтарға тарихи ескерткіштерді кеңінен түсіндіріп, келешек ұрпақтың санасына сәуле құюда. Бұл күнде аталған музейге өңір-өңірлерден келушілердің қатары сиреген емес. Мұнда жыл сайын түрлі шаралар өтіп, Орта ғасырдан қалған құнды естеліктерден сыр тарқатылады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Сарысу ауданы