Жаңалықтар

Мэлс әндері әуелеген күн

Әулиеатада туып, өнер жолында өз соқпағын салып, өзіндік өрнегімен танылған таланттар бар. Соның бірі – ән әлеміне өзгеше бояуымен өрнек салған композитор Мэлс Өзбеков. Ол нәзік иірімге толы лирикалық әндерімен халықтың көңілінен орын алды. Сол арқылы күні бүгінге дейін жұрттың жүрегінен түспей келеді. Тума талантын туған халқы да ұмытпай, жыл сайын композитор атындағы «Келші, Құланға!» атты облыстық ән байқауын өткізіп келеді. Республикалық деңгейде бастау алған өнерлілер сайысы биыл облыстың 85 жылдығына орай жалғасын тапты.

Осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған жарыс Т.Рысқұлов ауданының гимніне айналған «Келші, Құланға» әнімен ашылды. Біртуар тұлғаның бірегей туындысын композитор есімін еншілеген Мәдениет үйінің әншілері Рысбек Қадырқұлов пен Нұрлан Әмірбетов орындады. Мэлс Өзбеков атындағы «Келші, Құланға!» VІ облыстық ән конкурсын Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев салтанатты түрде ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өнер бәйгесіне ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Президент оркестрінің жетекші әншісі, эстрада әншісі Досымжан Таңатаров, «Жігер» тобының әншісі Данияр Жүнісалиев, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов қазылық етті. Сайыс ережесіне сай үміткерлерден І кезеңде Мэлс Өзбековтың әнін айтып, ІІ кезеңде еркін тақырыпта бір ән орындау талап етілді. Байқауда композитор мұраларын дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталған өнер майталмандары бастаманың өңір мәдениетін дамытудағы үлесі де зор екендігін атап өтті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша көрермен көзайымы номинациясымен Нұрғұлан Оспанов, «Жаңа есім» номинациясымен Али Әзімжан, «Сазгер» номинациясымен Әділет Мәдібек марапатталса, ІІІ орынды сарыкемерлік Саламат Молдабаев және жамбылдық Жақсылық Жандаралиев иеленді. Ал, жүлделі ІІ орынға таластық Гүлмира Абрен тұрақтаса, І орынды құландық Жансая Сарсенбаева иеленіп, кіл мықтылар арасында топ жарды. Жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табысталды. Бұдан бөлек, барлық қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хаты мен ынталандыру мақсатында сыйақымен марапатталды.

 

Нұрболат АМАНБЕК