Жаңалықтар

Буллингпен күрес бәсеңдемейді

Биыл 16 сәуірде қабылданған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бойынша кәмелетке толмағандарды қорлағандарға арнайы жауапкершілік қарастырылған.

Енді біреудің баласын қорқытқандарға, буллинг жасағандарға 10 айлық есептік көрсеткіш яғни, 37 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Ал буллинг, кибербуллинг бір жылда екінші рет қайталанса, онда айыппұл көлемі бірден үш есеге өседі. Демек, сес көрсеткен адам 110 мың теңгеден аса айыппұл төлеуге міндеттеледі. Мұндай әрекетке 12 мен 16 жастағы жасөспірімдер барса, онда айыппұл баланың ата-анасына салынады. Бұдан бөлек, баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлі түрде шығарып жіберуге болмайды. Бұған да айыппұл қарастырылған. Көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып жасалған осындай әрекеттер кибербуллинг болып саналады. Сондықтан оған да айыппұл мөлшері бекітілген.

Осы орайда, жергілікті құзырлы орындар түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметінің, білім бөлімінің, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл филиалының бастамасымен ата-аналарға арналған «Үйден мектепке дейін қауіпсіздік мәдениеті» атты оқыту семинары өткен. Онда жол қозғалысы қауіпсіздігі, жыныстық қолсұғушылық, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық шаралары, балалық шақтағы жарақаттардың себептері, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, үйден кету және құқық бұзушылықтың алдын алудың басқа да мәселелері қарастырылған.

Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары мен ювеналды полиция тобы сонымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, шалғай елді мекендерге баса назар аударуды жоспарлап отыр.

Қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана қазіргі жағдайда жасөспірімдерге қарсы қылмыстың, буллингтің алдын алуға болады.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,

журналист