Жаңалықтар

Табандылық табысқа жетелейді

Сонау 90-шы жылдардағы еліміз егемендігін енді алып, экономикалық дағдарысқа тап болған шақ әлі ешкімнің есінен өше қойған жоқ. Сол кездегі қиындықтардан жол тауып, жеке кәсіпкерлігін бастаған Наурызбек Шуақбаев бүгінде халыққа бірнеше бағытта қызмет көрсететін орталықтарды ашқан.

Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында тұратын жеке кәсіпкердің иелігінде қазір мейрамхана, техникалық жөндеу орталығы, жанармай құю бекеті, автобөлшектер дүкені және қонақ үй мен бассейн, монша бар. Ол өз кәсіпкерлігімен отбасын асыраумен қатар, бірнеше азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасына үлес қосып жүр.

Наурызбек Жұмабайұлының иелігіндегі ғимараттан жалға орын алып, өз кәсібін жүргізіп жүргендер де бар. Бүгінде ауылдың 20 тұрғыны дәл осылай жалға орын алып, өз табыстарын тауып отыр.

Кәсіп алға басу үшін нарықтағы жағдайды бақылап, халықтың сұранысын зерттеген жөн. Осыны ескерген Наурыз Шуақбаев ауылдастарының автокөліктерін жөндету үшін аудан орталығына, қала берсе қалаға барып, әуреге түсетінін байқайды. Луговой ауылынан техникалық жөндеу орталығын ашқан ол автобөлшектерге де сұраныс көбін аңғарады. Сөйтіп, оның кәсіпкерлігінің аясын автобөлшектер дүкені толықтырады.

Қайырымдылық іс-шараларына қатысып жүрген кәсіпкерден бұл туралы да сұрадық. Бірақ, ол «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген, біреуге жасаған жақсылығыңды айтсаң, сауабынан айырыласың, ондайды мақтаныш үшін жасамайсың ғой», деді. Жөн. Бірақ, естуімізше, «Мектепке жол» акцияларына үлес қосып келеді. Ол көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды әуелі жақындардан, таныстардан бастағанды дұрыс көреді. «Себебі, хақ дініміз Исламда солай делінген», дейді ол.

Рас, адалдықты тек кәсіп қана емес, өмірдің өзі де сүйеді. Таза жүрген адамның әрдайым жолы болып, кедергілерден шығар жол табылатынын күнделікті көріп те жүрміз. Ауылына ізгі ісімен шуағын шашқан Наурыз Шуақбаев сондай жан.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы