Жаңалықтар

Құланда тоңазытқыш құрастырылады

Т.Рысқұлов ауданынан тоңазытқыштар құрастырылып, нарыққа шығарылатын болады. Бұл – Құлан өңірі үшін үлкен жетістік. «Мұзтау» тоңазытқыштар құрастыратын цех 2022 жылы Алматы қаласында ашылған. Цехты ашқан жеке кәсіпкер Қуандық Маханбетұлы зауытын енді туған өлкесі – Құланға әкеліп, ауданды дамытуға үлес қоспақ ниетте.

Өндіріс орнында алты адам жұмыс істейді. Оның екеуі Құлан агротехникалық колледжінің студенттері. Бұл аймақ өзі дайындаған мамандарын жұмыспен қамтамасыз етіп, әрі нарыққа қажетті тауар өндіріп, халықтың әлеуметтік тұрғыда ілгерілеуіне ұтымды жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетсе керек-ті.

Жаңашыл кәсіпкер аталған ауданның Көкдөнен ауылында туған. Өзі өсіп-өнген аймақтың өнеркәсібін өрлетіп, елді өркендетуді көздеген ол Т.Рысқұлов ауданынан сапалы әрі қолжетімді бағадағы тоңазытқыштар құрастырып шығармақшы. Бизнесті қолдауға жергілікті әкімшілік те дайын. Шағын зауытқа барып, алғашқы шығарылған өнімдерді көрген аудан әкімі Ернар Есіркепов өндіріс орнын ары қарай дамытудың жолдарын қарастырып, кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар бастамаларды қолға алу жайын сөз етті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА