Алқапты алма баққа айналдырған кәсіпкер
Бала кезде Алматының даңқын асырған апорт алмасын ата-анамыз дүкеннен сатып әкелуші еді. Дәмі тіл үйіретін кеседей алманы тауыса алмай, іні-қарындастарымызбен бөлісе жеуші едік. Бүгінгі күні апорт нарықтан жоғалған. Өйткені, Алматының апорт алмасын өсіретін бақтары жекешелендіріліп, ағаштары оталып, орнына құрылыс нысандары бой көтерген. Орнын жаңартып, көшет отырғызып жатқан пенде жоқ.
Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы санақ бойынша елімізде 3851193 түп апорт ағашы болса, соның 80 пайызы, яғни 3036346 түп Алматы өңірінде өсiрiлген екен. Бұдан кейiнгi санақтар көңiлге кiрбiң ұялатады. Мәселен, 1984 жылы елімізде 1965795 түп апорт алма ағашы қалған болса, Алматыда оның 1418988-i қалып, тең жартысынан астамы оталып кеткен. Ал қазіргі жағдайы тым ауыр. Ал біздің өңірдегі кеңшарлардың қарауында болған мыңдаған гектар алма бақтары бертінде түгелге жуық жойылып кетті. Тек алма ағаштарын отырғызуға екі мыңыншы жылдары қайта көңіл бөлінген тұста ғана сең қозғалды. Аймақта 2015 жылы отырғызыла бастаған бақтардың көлемі 1145 гектарға жетіп, облыстағы бақтар бүгінгі таңда 3456 гектарды құрап отыр. Бұл әлі де аз. Екі жыл бұрын Байзақ ауданындағы «Тараз оңтүстік бау-бақшалары» кооперативі 145 гектарға, Қордай ауданындағы «Азия сад» серіктестігі 70 гектарға интенсивті алма бағын отырғызған. Ал Жуалы ауданында «Әділет» шаруа қожалығы 2000 жылдан бері айналысып келеді.
Апорт – алманың ірі әрі құнды түрі. Ол таулы жерде ғана өседі. Оның қабығы тығыз, сары немесе жасыл-сары қызыл-қоңыр мөрімен болады, ішкі жағы (еті) сусымалылығымен, нәзік дәмімен ерекшеленеді. Апорт – кеш пісетін түрге жатады, қыркүйек айларында ғана пісіп жетіледі. Кеш піскендіктен қыста жақсы сақталады. Жайында апортты Тараз қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен көзіміз шалып қалып жүр. Бірақ өте аз көлемде.
Алма ағашына қажетті мәлімет іздеп отырып, марқұм, Ұлттық ғылым академиясының академигі, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиевтың апорт алмасы туралы жазғанын көзім шалып қалғаным бар еді. Ол «Біздің жерімізде жабайы алманың 131 тұқымы бар, барлық алма түрі біздің жерден ғана тараған. Мынаған көңіл бөлу керек: Оксфорд университетінен келген ғалымдар бізбен бірге бір жыл жұмыс істеді. Оларда, жалпы ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп есептеледі. Осында келіп, бізбен араласып, менің еңбектеріме қарап жұмыс істегенде өздері түсінді, сол екі жарым мың сорттың бәрі осы Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тараған, дамып жетілген түрлері еді. Ал оны о баста бірінші тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте біздің Алакөлге келіп, Тарбағатай тауының Үржар маңындағы керемет өсіп тұрған алмаларды көріп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деп жазып, дүниежүзіне мәлім етті. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол кісінің атымен аталып кетті. Одан кейін Қырғыздың жабайы алмасы, сосын қызыл алма – жабайы алманың осы үш түрі белгілі болды. Ең қызығы – алма біріне бірі ұқсаған жоқ», – деп жазса, ойын келесі жазбасында былай деп жалғайды:
Ал, қытайлар болса біздің елде керемет алмалардың өсетіндігін өздерінің жылнамаларында 1240 жылдан бастап жаза бастаған. Сондай-ақ, ол көршіміз алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Жалпы, алманың о баста қазақ топырағынан тарағанын біздің ғалымдарымыз дәлелдеп берген. Араға талай ғасырлар салып, бір елден екінші елге көшіп жүрген алма ағаштары жер шарын шыр айналып шыққан. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай.
Әр нәрсенің өз уақыты болады. Шет ел ғалымдарын қазір апорт алмасы емес, жабайы алма қызықтыра бастаған. Өйткені, апорттың арғы атасы – жабайы алма. Мәселен, Америка ғалымдарының он екі жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшін 3 миллион доллар қаржы бөлуінің өзі осының айғағы. Бұл – алма тарихы одан ары жалғаса береді деген сөз. Ал біз жабайы алманы «Сиверс» деп, апортты «Александра» деп мәз болып жүрміз…
Марат ҚҰЛИБАЕВ