Экономика

Балық шаруашылығы байлық көзі

Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы отыз жылдан бері шабақ өсірумен айналысып келеді. Шаруашылық бүгінге дейін кездескен түрлі қиындықтарға қарамастан жұмысын тоқтатқан жоқ. Жыл санап қуатын арттыруда. Қожалық тәлімбақтарында 5 миллионға дейін шабақ өсіріледі.

Шаруашылық тоғандарында күтімге алынған балықтардан 60 миллион уылдырық жиналады екен. Бірақ, тәлімбақтың мүмкіндігі бес миллион ғана. Шаруашылықтың шабақты 10 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Ол үшін тоған салатын тағы да 30-40 гектар жер телімі қажет көрінеді.

Жалпы, қожалықтың пайдалануындағы 71 гектар жер телімінде ірілі-ұсақты 18 тоған орналасқан. Олар өңірімізге тез жерсінетін балықтың бес түрін өсіріп келеді. Қожалық 2021 жылдан бері өзге өңірлерден ақ амур, карп пен ақ толстолоб, фарель балықтарын уылдырықтан өсіруді де қолға алған.

Күзде еліміздегі барлық су айдындарында балықтандыру жұмыстары басталады. Бұл қожалық үшін маңызды кезең. Уылдырықтан өсірген шабағын қожалық республика бойынша таратады. Қазіргі таңда сұраныс Ақмола мен Қарағанды облысының өзен-көлдеріне жауапты мамандардан түсуде.

Қожалықтың бас ихтиологы Нұрлан Молдабековті жұмыс басында сөзге тартқан едік.

Дейтұрғанмен, қожалық қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, шабақ өсіру процесін тоқтатпаған. Қарап отырсаң, шағын тоғандарда шынашақтай шабақтар өріп жүр. Олар келесі жылы айналымға шығарылады. Биыл өткеріліп жатқаны бір жылдықтары ғана. Қарақанаттанып, біршама өсіп, кез келген өзен-көлге тез бейімделіп кететіндей көлемдегі шабақтар.

Нұрлан Молдабековтің шабақ өсіруде тәжірибесі көп. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. 2008 жылға дейін Қарақалпақстанда шабақ өсірумен айналысса, соңғы 14 жылдан бері аталған қожалықта еңбек етуде. «Біздің қазіргі бағытымыз – шабақ өсіру. Өзімізде біраз балық түрін өсіріп, уылдырығынан көбейтудеміз», – дейді балықшы.

Шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өсіруші Расул Бекташоглы он бір жылдан бері осында жұмыс істеп келеді екен.

Есіл облысаралық бассейіндік инспекциясы бастығының орынбасары Есім Сейітовті сөзге тарттық.

Ал Шу - Талас облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Қанатбек Зауырбековтың айтуынша, облысымызда 142 жергілікті маңызы бар су айдындарының тоқсанға жуығында балық шаруашылығы жұмыс істейді екен. Өңірдегі өзен-көлдерде балықтандыру шарасы қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін жүргізілмек. Инспекция тарапынан мемлекеттік тапсырысты «Сандель» шаруа қожалығы Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облысын балықтандыру жұмыстары бойынша ұтып алған. Былтыр өңірдегі су айдындарына бір миллионға жуық шабақ жіберілсе, биыл облыста 400 мыңдай шабақты су айдындарына жіберу жоспарланыпты. Бұл бір ғана «Сандель» шаруа қожалығынан алынатын шабақтың саны. Өзге шабақ өсіруші тәлімбақтардан да өзіміздің өзен-көлдерге шабақты жүз мыңдап жіберу көзделген.

Биыл өңірдегі үлкен су айдындары Билікөл, Тасөткел, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ су қоймалары мен кіші су айдындарын балықтандыру үшін тендерлер ойнатылуда. Ал кейбір су айдындарының қожайындары оны өз қаражаттары е себінен балықтандырмақ. Жалпы өзен-көлдерге 2 мыңнан 150 мыңға дейін шабақ жіберу жоспарланған. Атап айтсақ, Ақкөлге 70 мың, Билікөлге 400 мың шабақ жіберілмек. Жалпы, өңіріміздегі «Сандель» сияқты көптеген шаруа қожалықтар тәлімбақтармен қатар тауарлы балық өсіруге ынталы.

 

Жамбыл ауданы