Ер есімі – ел есінде
22 тамыз – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Қонаевтың дүниеден өткен күні. Өз заманының ұлы саясаткері бола білген таутұлға саналы ғұмырында ел экономикасын өркендетіп, мәдениет пен өнердің дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді.
Осы айтулы күнге орай, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен бір топ зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен тараздықтар облыс орталығындағы Д.Қонаевтың атындағы көше бойында орналасқан ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұл күні жиналған көпшілік есімі аңызға айналған азаматты туған халқы ешқашан ұмытпайтынын жеткізіп, алдыңғы буын өкілдері оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі мен кісілік келбеті жайлы естеліктерімен бөлісті.
Бүгінгі таңда елімізде Дінмұхамед Қонаевтың есімін есте қалдыру мақсатында көптеген игі іс-шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысының Жарлығымен екі жыл бұрын Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілген еді. Шын мәнінде, бұл – ұлы тұлғаның елге сіңірген қызметіне, осынау шағын шаһардың негізін салушы ретінде еңбегіне берілген лайықты баға. Сондай-ақ, жыл сайын өңір-өңірлерде тұрақты түрде өтетін ғылыми-практикалық конференциялар, ауқымды түрлі іс-шараларда қайраткердің есімі өз халқымен бірге жасай беретіндігінің айқын дәлелі. Сондықтан да туған елінің Дінмұхамед Қонаев есімін ұлықтап, еске алып тұруы да заңдылық.
«Aq jol»-Aqparat.