Жаңалықтар

Ынтымақтастыққа серпін беретін сапар

22-23 тамыз күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Тәжікстан Республикасына барды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды. Сапар аясында алдымен шағын құрамда, одан кейін екі ел үкіметтері делегацияларының қатысуымен жоғары деңгейде келіссөздер өтті.

ҚАЗАҚСТАН-ТӘЖІКСТАН КЕЛІССӨЗІ

Шағын құрамда жүргізілген келіссөз кезінде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

Ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жүргізілген кеңейтілген құрамдағы келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттік сапардың басты мақсаты достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-тәжік қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеруді көздейтін ортақ мұратқа сай келетінін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы қол қойылатын Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарттың айрықша маңызына назар аударды.

Кездесу барысында агроөнеркәсіп, су-энергетика, көлік-транзит салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың негізгі басымдықтары мен міндеттері айқындалды. Тараптар бірлескен жобаларды іске қосуға, сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай жасауға баса мән беруге уағдаласты. Сонымен қатар, келіссөздер кезінде цифрландыру, білім беру және ғарыш технологияларын пайдалану бағыттары бойынша өзара тиімді серіктестік аясын кеңейтудің мүмкіндіктері қарастырылды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президентінің Тәжікстанға мемлекеттік сапары аясында 15 маңызды құжатқа қол қойылғанын да атап өткен жөн. Енді еліміз ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, энергетика, өнеркәсіп, мәдениет және басқа да салалардағы байланыстың көкжиегін кедергісіз кеңейте алатын болды. Сондайақ, бұл уағдаластықтардың мүмкіндігі мен нәтижесін екі елдің кәсіпкерлері мен қарапайым азаматтары да сезінеді.

БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Екі елдің басшылары екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекетаралық байланысы одақтастық қатынастар деңгейіне шыққанын айтты. Мемлекет басшысы өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға екі елдің мол мүмкіндігі бар деп санайды. Мәселен, Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 миллион доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Тәжікстан тарапы да Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін айтарлықтай ресурсқа ие. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар ұн тарту өнеркәсібін дамыту, өсімдік майын, кондитерлік және мал шаруашылығы өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласқан. Президент қазіргі кезде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру және экономиканың басқа да салаларында бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, брифингте көлік-транзит және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғаны айтылды. Сонымен қатар, Президент өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүргізген келіссөздердің қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады.

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТ ПОРТАЛЫ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Қазақстанның цифрлық технологиясына Тәжікстан қызығушылық танытқалы біраз уақыт болған. Толық зерттеп, өзге елдердегі жүйелермен де салыстырған. Таразылай келе, қазақ тәжірибесінің өзгелерден көш ілгері екеніне көздері жетіпті. Енді Қазақстанның электрондық үкімет порталы Тәжікстанға экспортталмақ. Яғни Egov жүйесінің игілігін енді Тәжікстан азаматтары да көреді. Мұндай келісімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжік еліне жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізіліп, Президенттерге электронды үкімет жүйесінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға Электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық туралы есеп беріліп, биыл екі елдің мамандары Интернет-ресурстардың бірыңғай платформасы мен SmartBridge жүйелерінің негізгі компоненттерін Тәжікстан серверлерінде сәтті орналастырғаны жөнінде баяндалды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері жайында мәлімет берілді. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективті бағытының бірі болмақ.

ЕКІ ЕЛ БАЙЛАНЫСЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Қазақстан мен Тәжікстан арасында 2015 жылы серіктестік деңгейіндегі келісім бекіген болатын. Енді екі елдің достығы жаңа сатыға көтеріліп, бұдан былай жай ғана серіктес емес, одақтас республикаларға айналды. Бұл барлық саладағы байланысты кедергісіз тереңдетуге мүмкіндік бермек. Сауда-саттықты 2 миллиард долларға жеткізу межесі қойылды. Қазірдің өзінде бауырлас елмен байланыс қарыштап дамып келеді.

Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарының екінші күні Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесуден басталып, тараптар қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақтастықтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты. Мемлекет басшысы Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзодамен де кездесіп, әңгімелесу барысында Президент қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің санқырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бірнеше кездесу мен мәдени шараларға қатысты.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП