Қыдыр қонған сай қайда орналасқан?
Араб тілінде Әл-Хидр, Әл-Хизр яғни, жасыл адам деген атқа ие Қыдыр ата немесе Қызыр баба исі қазаққа бөтен емес. Қонақжай халқымыздың құт қонып, бақ дарыған деп жиі айтуы да содан болар, бәлкім. Әйтеуір, біздің жұрт жақсы мен жайсаңды кездестіріп қалса, яки шұрайлы өлкеге табаны тигенде «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деп жатады. Осы ретте, бүкіл түркі халықтарына ықылым заманнан таныс Қыдыр атаны мифтік бейне деп кесіп айту қиын. Өйткені, ол жөнінде ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз-әңгімелерге толы әпсаналар жетерлік.
Жалпы, бес күндік мына жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ. Бұл өмірде уақыты келгенде тау-тас та мүжіледі, өзен-көлдер де тартылады. Тіпті, өсімдіктер де сарғаяды. Адам өмірі де солай. Бірақ, өлмейтін, өшпейтін бір нәрсе бар. Ол – қағазға түскен тарих. Тарлан тарихты туған халқымыздың жады іспеттес мол қазына деп қабылдайтынымыз да сондықтан. Өткенімізді білсек деген ізденіспен мұрағаттарға барып, сарғайған газет тігінділерін ақтарудағы ниет те – тарихты білуге деген құштарлық.
Жуырда жамбылдық өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтің «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» атты еңбегін парақтап отырғанымызда «Қыдыр қонған сай» деп аталатын жазбаға көзіміз түсті. Автор мұнда «Ақтасты елді мекенінің солтүстік шығысындағы Кіші Қаратаудың бір сілемінің қойнауындағы сайды жұрт Қарасай немесе Қыдыр қонған сай деп атайды, ол сайдың орын тепкен жері – Ақтасты елді мекенінің солтүстік шығысында 7 шақырым жерде» деп жазған. Атап өтерлігі, бұл сайдың Қарасай аталуына негіз болатындай ешқандай белгі жоқ. Ал, Қыдыр қонған сай аталуына байланысты өте бір қызық құбылыс бар. Айталық, осынау сайдың табанында шағын бұлақ бар, оның оң жақ қапталында екі түп долана өседі. Сол доланалардан сәл төменірек аумақта кішігірім киіз үйдің көлеміндей «Қыдыр қонған жер» деп аталатын орын бар. Бұл жердің бір ерекшелігі қыс күндері жауған қар бірден еріп кетеді де, дөңгеленіп қарайып бу шығып жатады. Ал, жаз мезгілінде дәл осы тұс шеңбердей боп көгеріп жатқанын аңғаруға болады.
«Мен ел қыдырып жүретін құдыретпін,
Ал, жерде іздейтін адамдарды мен тек осында қабылдаймын».
Дәл осы жазу бүгінде халқының саны бір миллионнан асып, еліміздегі үшінші мегаполис атанған шырайлы шаһар Шымкенттің аумағына кіретін, сансыз баптардың мекені саналатын Сайрам ауылындағы Қожа Салық кесенесінің кіреберісінен тайға таңба басқандай менмұндалайды. Аңыз бойынша Қыдыр ата Сайрамда дүниеге келген. Қожа Салық оның әкесі. Ол әр жұма күні таң ата Сайрамдағы ата-анасының кесенесіне зиярат ететін көрінеді. Бәлкім, адам баласына өмірінде кем дегенде үш рет көрінетін әулие бір заманда Жуалы жеріне де келген шығар. Біз мұны өңір тарихымен астасып жатқан аңыз-әпсаналардан аңғарамыз. Бірақ, бүгінгі ұрпақ – ғасырдан ғасырларға жалғасып келе жатқан аңыз-әңгімелер мен Қыдыр атадан даритын құт-берекеге, қасиетке сенер ме екен?!
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы