Жаңалықтар

Жақсылықтың жаршысы болған құстұмсық

Зергерлік өнер – ерте заманнан келе жатқан әрі халыққа көп тараған сәндік және қолданбалы өнердің бірегейі. Халық арасында ертеден-ақ зергерлер өте жоғары құрметке ие болып, елдің сүйікті адамына айналған. Қазақ зергерлері негізінен әйелдердің сәндік әшекей заттарын әсем жасай білген. Әсемдеп жасап қана қоймай, дәстүр мен мәдениетімізді әшекей бұйымдар арқылы насихаттап отыратын болған.

Осындай, дәстүр мен мәдениетті айшықтайтын әшекейдің бірі – құстұмсық жүзік. Тұла бойына тағылым дарытып, екі ел арасында татулықтың нышанындай қызмет еткен мұндай жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында да сақталған.

Құстұмсық жүзік – жақсылық хабардың жаршысы. Ежелгі заманнан бері қазақтарда құс жақсы жаңалықтардың жаршысы саналды. Қазақ халқы құсты еркіндік, мейірімділік пен қайырымдылық, бейбіт өмір белгісі ретінде бағалаған. Ертеде құстұмсық жүзік қыздың төркініне бір жылға жетпей қайтып келген. Бұл қыздың «жағдайым жақсы» деген ишарасы саналған. Аққуды – сұлулыққа, махаббатқа, көгершінді – бейбітшілікке, қарлығашты – нәзіктікке теңесе, бұлбұлды – өнерпаздыққа меңзеген. Сондықтан да құстұмсық жүзікті қыздардың саусағына тағу арқылы оның әлеуметтік статусы айқындалған. Құстың тұмсығы сияқты бір ұшы үшкірленіп жасалған құстұмсықты жүзік бәле-жаладан қорғайтын ерекше қасиетке ие деген де халық арасында сенім қалыптасқан. ХІХ ғасырларға дейін бұл салт-дәстүр үлкен мәнге ие болған еді.

Сақтар дәуірінен бастау алған тұмсық белгісі басқа да көптеген әшекейлерде қолданылады. Сондай-ақ, қазақтың киізден, ағаштан жасалған және кестелі бұйымдарының ою-өрнек жүйесінде де кездеседі. Жүзіктің бұл түрі Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен таралғанына және басқа ұлт мәдениетінің бұйымдарына тән еместігіне байланысты этностық ерекше белгіге жатқызуға болады. Құрылымындағы кейбір ерекшеліктері мен техникалық-сәндік шешімдерінің бірегейлігіне қарағанда, жергілікті стильдік ерекшеліктің өзіндік көрсеткіші саналады.

Тіпті, ел ауызында құстұмсық жайында:

Сағынышым көкірекке толды ағайын,

Құстұмсықты жүзікті қолға алайын.

Ата-анам бауырларым келер ме екен,

Ерте тұрып күні ертең жол қарайын, – деген өлең жолдары сақталған.

 

Нұрболат АМАНБЕК