Түйме сұлудың шаһары
Өңіріміздің қай бұрышына сапар шексеңіз де көне замандардан сыр шертетін тарихи орындарды көреріңіз анық. Ұлтымыз үшін аңыз-жырларға негізделген, өткен тарихымыздан қалған қасиетті мекендердің барлығы тарихымызға таңбаланып, бүгінгі күні ел мәдениетінің мерейін асқақтатып тұр. Осындай қасиетті мекеннің бірі – аңыздарда Түйме арудың мекені болған – Түймекент қалашығы.
Ортағасырлық Түймекент қаласы Байзақ ауданына қарасты Түймекент ауылының оңтүстігінде, Талас өзенінің оң жағасындағы биік жарқабақта орналасқан. Түймекентті сырттай қоршап жатқан ені 20-30 метр болатын орлары мен 30 мұнарасы болған. Орға су қаланың оңтүстік бұрышына жақын жерде орналасқан Таластың ескі өзегінен келген. Қаланың сыртын айналдыра жол салу кезінде ордың сыртқы жиегі тегістеліп көмілген. Тарихи деректерге сүйенсек, ортағасырлық қаланы Талас өзені шайып, әр жылдарда жүргізілген шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде қатты бұзылған.
Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан Талас өңірінде жүргізген археологиялық барлау кезінде Түймекенттің жобасына назар аударып, оның Талас өзенінің оң жағасында орналасқан үлкен ортағасылық қала екенін көрсете отырып, ол туралы: «Шығыс деректері бойынша Түймекент қаласында көптеген мешіттер, керуен сарай және сырты қалың жалмен, ормен қоршалған әскери бекініс болған», – деп жазған. Түймекент қалашығының пайда болуына қатысты аңыздардың бірінде қала атауының Түйме сұлудың құрметіне аталғаны айтылады. Мұны алғаш В.В.Бартольд Түймекент қаласы орналасқан жердің стратегиялық жағынан өте ыңғайлы екеніне тоқтала отырып, қаланың атын Тойма (Түйме) қызбен байланыстырған. Қызығы сол, қала туралы аңыздардың бір парасы Ақыртаспен байланысты болып келеді. Ақыртас кешені туралы халық аузында айтылып жүрген аңызды алғашқылардың бірі болып жариялаған тарихшы, шығыстанушы Әбубәкір Диваев болды. 1899 жылы оның алғашқы нұсқасы «Рассказ об Алангасар-Алифе» деген атпен шықты. Ал, 1905 жылы Ресей зерттеушісі Василий Каллаур жариялаған «Древние киргизские легенды о постройке Акыр-Таша» деген мақаласында Түймекентті мекендеген Көкше хан мен қызы Түйме сұлу, Алаңғасар алып және оның баласы жайлы уақиғаларды жүйелі түрде баяндаған. Мұны ғалым Әлкей Марғұлан да «Ежелгі жыр аңыздар: ғылыми-зерттеу мақалалар» атты еңбегінде атап өткен.
Ел аузында сақталған аңыз бойынша бұл қалада ханның Түйме атты қызы өмір сүрген деседі. Түйме аса сұлу, көркінен күн таятын жас ару қыз болыпты. Сол уақытта қаланың сырты қамалмен қоршалып, бекітілген. Оның сырты да терең ормен қоршалып, ор суға толтырылған. Қамал қабырғалары кірпіштен тұрғызылған, іргесі таспен өрілген. Күндердің күнінде сұлулығына тең келер ешкім болмаған Түйме сұлуға жау батырының көзі түсіп, қыздың әкесіне айттыру үшін өзінің адамдарын жібереді. Алайда, әкесі де, қыз да оларды менсінбей, адамдарын кері қайтарады. Мұны естіген батырдың ашуы терісіне сыймай, аспанда үйірілген қара бұлттай қаһарына мініп, соғыс ашуды ойлайды. Ақыры батыр Түйме қыздың қаласын құлатады, бірақ мақсатына жете алмайды. Аңыз соңы Түйме қыз қаласымен бірге мерт болыпты деп түйінделеді.
Ал, Ақыртасқа қатысты нұсқасына тоқталсақ, әкелі-балалы қос батыр тастан қала тұрғызуды ойлап, осы істің қамымен баласы таудан тас әкеліп, әкесі жерде қалауға көшеді. Баласының жан-жағына алаңдамай жұмыс жасауын қадағалап тұрған әкесі оның көзі Түйме сұлуға түсіп кеткенін аңғармай қалады. Баласы сол сұлудың артынан еріп, қалмай қояды. Салып жатқан сарай туралы мүлде ойдан шығарады. Батырды ұнатпаған сұлу қашып кетіп, бір биікте жан тапсырады екен. Оның басына әкесі үлкен қорған тұрғызып, Түймекент қаласы атанып кетіпті. Сұлудың есімі – Түйме болса керек. Әлгіндегі тас қалашығы сол күйі бітпей қала берген деседі.
Нұрболат АМАНБЕК