Жаңалықтар

Ерекше жандардың еңбегі елеулі

Елімізде жанарынан жарық тайған азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Бұл бағытта облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы да көру қабілеті әлсіз жандарға арнап түрлі жобаларды іске асырып келеді. Соның бірі – асханада жүріп өздігінен тағам әзірлеуге бейімдеп, түрлі көкөністер мен азық-түлік таңдауда кеңес беруге бағытталған «Tiflo-асхана» жобасы.

Ерекше жандар үшін жүргізілетін әлеуметтік жобаға облыстың зағип жандары, «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшелері мен №2 арнайы «Болашақ» мектеп интернатының оқушылары қатысып, дастар қанның сәнін келтірер тағам түрлерін әзірлейді.

Кітапхана меңгерушісі Әлия Сағымбаеваның айтуынша, арнайы кітапхана тарапынан ерекше жандарды қолдауға бағытталған түрлі әлеуметтік бастамалар қолға алынған.

Аталған жоба жоспар бойынша әр ай сайын жүргізіледі. Күні бүгінге дейін үш жыл ішінде әлеуметтік жобаға 200-ден аса оқырман қатысып, кітапхананың оқырмандар қатарын көбейткен. Кітапхана басшылығының айтуынша, алдағы уақытта облыстағы зағип жандардың сұраныстарына орай аталған жоба өз жұмысын жалғастыра бермек.

 

Нұрболат АМАНБЕК