Жаңалықтар

Өнерді руға бөлу – өресіздік

Қашаннан әдебиет пен өнер қасиетті ұғым. Екеуі де халықтікі. Әдебиет пен өнер иелерін барша халық құрметтейді. Бірақ, көңілімді алаңдатқан бірер жағдайларды оқырмандармен қаз-қалпында бөліскім келеді.

Бұл осыдан біраз жыл бұрын болған жағдай. Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында өңірімізге танымал бір композитордың шығармашылық кеші өтті. Ол бәрімізге де ұнайтын жақсы өнер иесі болатын. Әндері де көпшіліктің аузында айтылып жүрген. Сондықтан, ән кешіне көрермендер көп келді. Композитордың кеші өте жақсы өтті. Ғажайып әндерге риза болып, керемет әсерге бөлендік. Содан кейін не болды дейсіз бе? Кештің аяғында сахнаға шіреніп-шіреніп 4-5 кісі көтерілді. Бұл шіренген кісілер композитордың руластары екен. Әлгілердің жетекшісі микрофонды қолына алып: «Бұл жігіт – біздің атаның мақтанышы. Баламыздың өнері өсе берсін. Өркендей берсін» деп тілек айтып, қалың конвертті композиторға ұсынды. Міне, осы сәтте асқақтап тұрған көңіліміз су сепкендей басылды. Неге десеңіз, біріншіден, біз әлгі композитордың облыстың ғана емес, қазақ елінің өрелі өнерпазы деп концертіне барып едік. Оның әндері телеарна, радио арқылы бүкіл қазақ даласына таралып кеткен. Демек, композитор қазаққа ортақ деген сөз.Тіпті, оның әндерін қазақ қана емес, өзге ұлттың өкілдері де қызыға тыңдауы мүмкін. Концертке өзге ұлттың өкілдері де өнерді құрметтеп келуі мүмкін. Ал, шіреніп шыққан аталастары оны төмендетіп, бір рудың композиторы деңгейіне түсіріп тастады. Осы жағына қарнымыз ашты. Екіншіден, сахна – қасиетті жер. Әлгі жиып-терген ақшаларын сахнада емес, концерттен кейінгі банкетте берсе де болар еді. Бұл жерде де пендешілік қылаң береді. Банкетке баратын 100 адамның емес, концертке келетін мың адамның көзінше бергілері келеді. Аз емес, көбірек адам көрсін, айтып жүрсін дегеннен артық бұл жерде қандай ой болуы мүмкін?

Арада екі ай өткенде дәл сол «Баласағұн» сарайында өңірімізге белгілі бір ақынның шығармашылық кеші өтті. Бәрі де жақсы басталып, әдемі жалғасты. Алматыдан, өзге де өңірлерден әлгі ақынды сыйлап құрметтейтін қонақтар келді. Сол ақынның өлеңіне жазылған әндер орындалды. Бірақ, біздің көңілімізді түсірген соңғы сәттегі көріністер. Кештің соңында тағы 4-5 кісі сахнаға көтеріліп, кезек-кезек сөз алды. Ақынның руын сөз етті. «Біздің рудан осындай ақын шықты. Біз қуаныштымыз» деді де томпақ конвертті ақынның қалтасына сүңгітті. Осылайша, қазақтың перзенті болып тұрған ақынды бір рудың баласының деңгейіне төмендетті. Өкініп біздер қалдық.

Осындайда бізге ой келеді. Неге бірінші мысалдағы композитордың аталастары қомақты сыйын басқа рудан шыққан ақынға бермейді? Керісінше, екінші мысалдағы ақынның аталастары қазақтың композиторы деп неге құрметтерін бірінші концерттің иесіне көрсетпейді? Неге елдің мақтанышы, елдің перзенті болған тұлғалар бір ғана атаның мақтанышы болуы керек? Көпшіліктің алдында жүрген перзенттердің елдің ұлы, халықтың баласы екенін қашан түсінер екенбіз?

 

Есет ДОСАЛЫ