Қарақшылыққа қатысы барлар ұсталды
Полицейлер қазақстандық азамат пен оның жиеніне қарақшылық жасаған күдіктілерді құрықтады. Белгісіз ер адамдар 41 жастағы тұрғынның үйіне кіріп, оны және 12 жастағы жиенін байлап, үйдегі бар ақшаны, қос телефон мен алтын бұйымдарды қолды қылған. Алдын ала есептеу бойынша келтірілген залалдың құны 640 мың теңгені құрайды.
Аталған қылмыс жөнінде хабарлама түскен сәтте-ақ тәртіп сақшыларының барлық күші дереу күдіктілерді іздеуге жұмылдырылады. Ең алдымен, полицейлер есепте тұрған азаматтарды тексеріп, қажетті ақпарат жинауға кіріседі. Нәтижесінде 30-бен 38 жас аралығындағы 4 азамат күдікті деп танылады. Қазіргі уақытта айыпталушылардың үшеуі қамауға алынып, ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленген. Сондай-ақ, тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Қылмыстық Кодекстің 192-бабының санкциясына сәйкес, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, тұрғын жайға заңсыз енумен жасалған қарақшылық 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.
ЖАСӨСПІРІМДІ ЖАРАҚАТТАҒАН КҮДІКТІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Тәртіп сақшыларына хабарласқан жедел жәрдем станциясы фельдшері аурухананың қабылдау бөлмесіне жарақаты бар жасөспірім жеткізілгенін айтқан. Полицейлердің жедел-іздестіру іс-шараларын жүйелі жүргізудің нәтижесінде 39 жастағы азамат қолға түсті. Кейін белгілі болғандай, бұл оқиға екеуара жанжалдың салдарынан орын алған. Бүгінгі таңда дәл осы факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 3-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, күдікті деп танылған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 16 маусымынан бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша енген өзгерістер мен толықтырулар заңды күшіне енді.
МАС КҮЙДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАНЫ ҮШІН ҚАМАЛДЫ
Учаскелік полиция инспекторлары өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні ұстады. Осылайша, тәртіп сақшылары орны толмас апатты жағдайдың алдын алды. Нақтылай түссек, полицейлер бұл күні мас күйде ВАЗ автокөлігін басқарған жүргізушіні тоқтатқан.
Заңды бұзған азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 608-бабы бойынша тиісті хаттама толтырылып, автокөлік айып тұрағына қойылды. Ал, ішімдік ішіп темір тұлпар тізгіндеген ер адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 608-бабының 7-бөлігімен кінәлі деп танылып, 30 тәулікке қамауға алынды. Осы ретте, полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
ӘККІ АЛАЯҚ ҚОЛҒА ТҮСТІ
Полицейлерге шағымданған бірнеше азамат арамниетті бейтаныс әйелдің құрығына түсіп қалғандарын мәлімдеген. Айтуларынша, олардың сеніміне кірген бейтаныс азаматша шағын бизнесті дамыту сылтауымен қолма-қол ақша берулерін сұраған. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион 750 мың теңгені құрайды.
Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларының негізінде 47 жастағы күдікті қолға түседі. Бүгінде аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Атап өтерлігі, тергеп-тексеру барысында күдіктінің осы сипаттағы 5 ұқсас фактіге қатысы бар екені анықталған.
25 ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ӘШКЕРЕЛЕНДІ
Тараз қаласында пробациялық қызметтің бақылауына алынған сотталғандар арасында құқықбұзушылықтар мен қайталап қылмыс жасаудың алдын алу мақсатында 15-22 тамыз аралығында «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Аталған шара барысында соттармен, құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарымен бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалау шараларына сотталған адамдар туралы мәліметтерге тиісті салыстыру жүргізілді.
Бүгінгі таңда Тараз қалалық №1 пробация қызметінде 250-ден астам азамат есепте тұр. Пробация қызметкерлері мен өңірлік полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторларының бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде қазірге дейін 25 құқықбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, жаза өтеу шарттарын ұдайы бұзып, электронды білезік тағынған бас-аяғы 30 азаматтың тәртіп бұзғандығы белгілі болған. Нәтижесінде Тараз қалалық №2 сотына бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшін 10-нан астам материал жолданған.
Есен ӨТЕУЛІ