Өнімділік үш есеге артқан
Сарысулық диқандар қазірден қамбасын дәнге толтыруда. Алқап басында комбайндар тынымсыз еңбек етуде. Бұл науқанға 75 шаруа қожалығы белсене кіріскен. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, егістік басында 29 комбайн, 86 трактор және 42 жүк автокөлігі жұмыс істеп келеді.
Шаруаларға жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін шілде-тамыз айларына 366 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Дизель отынының бағасы нарық бағасынан 18 пайызға төмен бағада өткерілген.
Ал, 7 176 гектарға орналастырылған арпаның 6 080 гектары орылған. Яғни, жоспар 84,7 пайызды құрап отыр. Күндік норма 450 гектар алқаптың дәнін жинау болса, оның әрбір гектарынан түскен өнім 17,5 центнерді құрауда.
Бұдан бөлек, осы жылдың өнімі үшін мақсары – 4 540, көпжылдық шөп – 6 954, картоп – 16, көкөніс – 114, бақша дақылдары 95 гектарға орналастырылған. Ауданның шаруа қожалықтары сепкен егіннің жалпы көлемі 11 731 гектар болатын болса, оның 300 гектары Игілік, Жаңаталап және Жайылма ауылдық округтерінде орналасқан. Ал, қалғаны Түркістан ауылдық округіне тиесілі.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Сарысу ауданы