Шабақтының шатқалы шабыт берген...
Шабақтының шатқалы шабыт берген...
елде тұратын белгілі ақын-композитор, әнші Төлеу Үшқоңыров туралы сыр
Төкеңді, Төлеу Үшқоңыровты бала кезімнен білемін. Аудандық ішкі істер бөлімінің қоғамдық мүлікті талан-таражға салушыларға қарсы күрес бөлімінің бастығын милиция формасында көргенде түрі сондай сұсты көрінетін. Алайда, арагідік аудандық газетте жарияланып тұратын мақалаларымен қатар, лирикалық өлеңдерін оқығанда жүрегі нәзік жан екен-ау деп те ойлап қоямын.
Бірде Саудакент ауылындағы Мәдениет үйінде аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен үлкен концерт өтеді. Сахнаға үкілі домбырасын алып, Төкең шыққанда көрермендер шапалағынан құлақ тұнды. Жұрт бекер дүрлікпепті. Милиционер-ақын деп келген ағамыз жезтаңдай әнші әрі тамаша композитор болып шықты. Халық әндерін шырқады, өзінің әндерін де тамылжытты. Сол күннен бастап өнердің сан қырын меңгерген ағаны көрсем анадайдан жүгіріп барып, сәлем беретін болдым. Бірде аудандық «Октябрь таңы» (Сарысу) газетінің редакциясында штаттан тыс тілшілердің шығармашылық ұжыммен кездесуі өтті. Сонда ол кісімен жақын сырласудың сәті түскені бар. Өнеріне табынып жүрген ағамыз Карл Маркс (Маятас) ауылының тумасы болып шықты. 1938 жылы дүние есігін ашқан перзенттеріне ата-анасы оған дейін үш баласы бірінен кейін бірі шетінеп кеткен соң, солардың төлеуі болсын деген ниетпен есімін Төлеу деп қойыпты. Кеңес одағы Ұлы Жеңісті тойлап жатқан жылы Жайылма ауылындағы аудандағы тұңғыш мектептің табалдырығын аттапты. Төменгі кластардың бірінде оқушылар хормен «Амангелді» әнін айтады. Сонда мұның көмейінен ғайыптан әлдебір әуен туады. Оны ұстазы Әбен бірден байқап, «мектеп бітірген соң, өнер жолына түс» дейді. Адамның дегені емес, Алланың айтқаны болады. Мектептен кейін үш жыл әскерде болды. Азаматтық борышын атқара жүріп, әскери өмірден бір кітапқа жүк болатын шығарма жазады. Қолжазбаны қазақтың қабырғалы қаламгері Тәкен Әлімқұлов оқып, жоғары бағасын беріпті. Алайда, жарыққа шығаруға ол асықпады, оның үстіне шаруашылықтың жылдың төрт мезгілінде де қайнап жататын жұмысы мұрша бермеді. Совхозда автомеханик, гараж меңгерушісі болып еңбек етті. Одан кейін мазасыз да, жауапты милиция қызметіне келіпті. Сол жылдары-ау деймін ауылға Шәмші Қалдаяқов келді. Ұлы композитор Мойынқұм ауылындағы «Амангелді» совхозының директоры болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң, елге оралған бұрыннан сырлас досы Нармахан Тоққұлиевтің үйіне түседі. Нарекең тұмауратып жатса керек. Содан бірден Төлеу інісіне телефон соғып, «үйге тез жет, Шәмші келді» депті. Қазақ елі Шәкеңнің әнімен оянатын кезең. Жұмысын жиып қойып,«Жигулиіне» міне салып, ағасының үйіне жетеді. – Шәке, бұл жігіт менің ағайын інім болып келеді. Өзі өнерге жақын, сізбен әңгімелесіп отырсын деп әдейі шақырдым, – дейді Нармахан. Шырағым «Сарысудың даласы да ән сап тұрады, сенің де жүрегіңде ән бар сияқты, қане, шырқап жібер» дейді аман-саулықтан соң. Даңқы жер жарған композитордың алдында кімнің жүрегі дауаласын. «Аға, біздікі әшейін әуесқойлық қой» деп күмілжиді. Сонда Шәкең: «Қалқам, менің қандай атағым бар, қай оқуды бітіріппін, талант ел ішінде» деген соң, қолына домбыра алады. Құлақ күйін келтіріп, біршама отырып қалады. Енді композитор оны асықтырмады. Күрең шайдан ұрттап қойып, домбыра шертісіне қарап отыр. Төлеу бет орамалымен жіпсіген маңдайын сүртіп, ән ырғағын, домбырасына келтіріп, Мұқағалидың сөзіне жазылған әдемі бір әнді және өзінің «Асыл құрбым» әнін шырқады. Шәмшінің қос жанары әлдебір нүктеге қадалып қалыпты. Кім білсін, сол сәтте «маңдайынан сипайтын бір жан таппай» қысқа ғана ғұмыр кешкен ақын досының жарқын бейнесі келді ме екен көз алдына. Әлден уақытта барып, «соңғы әннің сөзін кім жазды?» дейді. «Өзімдікі» деді Төлеу. «Айттым ғой, талант ел ішінде деп, жүзіңе қарап маған тартқан інім екен десем, шын бауырым болдың» деп құшағына алды. Сол сәтте Төлеу ән әлемінің аспанына қалықтап ұшып кеткендей ерекше әсерге бөленді. Ер Шәкең елде жүрген талантты інісіне қолын жайып, батасын берді. Сол күннен бастап күрделі де, жауапты қызметте жүрген Төкеңнің жүрегіне әлдебір ән ырғақтары құйыла берді. Кім білсін, қолды бір-ақ сілтеп, Алматы кеткенде бүгінде даңқы Шәмші мен Нұрғиса ағасы сияқты қазақ елін шарлап кетпесе де, талай композитордың алдына шығып кетер ме еді... Нұрғиса демекші, Ән-ағадан бата алған жылы қазақтың тағы бір ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев өзі жетекшілік ететін «Отырар сазы» ансамблімен ауылға келеді. Екі күн бойы Саудакент аспанында ән-жыр қалықтайды. Нұрағаң бастаған атақты өнер ұжымын Төкең үйіне қонаққа шақырды. Ұлы композитордың атақ-абыройы, кім болса да бет-жүзіне қарамай тіке айтатын мінезі дастархан басындағылардың мысын басты ма, ешкім суырылып сөйлеп кете алмай, біршама уақыт тыныштық орнайды. Нұрағаң Шәмшіден естіді ме, жоқ әлде өнерге жақын азаматтардың бірінен білді ме, Төлеудің әншілігіне де, композиторлығына да, тіпті ақындығына да қанық екен. Өлі тыныштықты композитордың «қане, інім ән шырқа!» деп саңқ еткен даусы бұзды. Нұрекеңнің мінезін сырттай білетін үй иесі қолына домбырасын алып, шырқасын кеп. Нұрғиса көкесінің әндері де кетті арасында. Құдай қосқан қосағы Айғанайыммен де қосыла шырқады. «Әп, бәрекелді!» деп композитор шапалақ ұрғаны сол еді, аудан басшыларынан бастап дастархан басындағылардың бәрі де өнерпаз ерлі-зайыптыларға қоғадай жапырылды. Қазақтың кең даласын жүрегіне әнмен сыйғызған композитор мұны бауырына басты, Айғанайым келінінің маңдайынан сүйді. Ел іші ғой. Ол кезде ауданға Алматыдан әнші-композитор немесе ақын-жазушы келсе, бүкіл жұрт болып елеңдеп қалатын. «Концерт бола ма, кездесу өте ме, қайда түсіпті?» деп дүрлігіп жүретін. Ән мен жырдың, асыл сөздің қадірін білген алдыңғы толқын ағалар-ай!.. Тағы да күндердің күнінде «Махаббат қызық, мол жылдар» кітабымен үлкеннің де, кішінің де жүрегін жаулап алған майдангер-жазушы Әз-ағаң, Әзілхан Нұршайықов келеді, қалың оқырманымен кездесуге. Ондай мүмкіндікті қалт жіберетін Төкең бе. Атақты қаламгерді шаңырағына шақырып, қонақ етеді. Түнімен әңгіме-дүкен құрады. Қазақтың біртуар азаматы алдында тағы да ән-жырдың тиегін ағытады. Ескерткіш ретінде Әз-ағаңмен суретке түседі. Ол жоғарыда жеке-жеке тоқталған қазақтың даңқты үш азаматымен қатар, тағы да бір шоғыр атақты жазушы-ақындар Тәкен Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Жақсылық Сәтібековпен сыйлас, сырлас болды. Шежірелі Сарысуға жолы түскен өнер адамдарының барлығы дерлік Төкең шаңырағында қонақ болып, Айғанайымдай асыл жарының үнемі оттан түспейтін қара қазанынан дәм татқан. 2005 жылдың жаңажылдық мереке күндері «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, бүгінде «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып еңбек етіп жүрген жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы қазақтың қабырғалы қаламгері Тәкен Әлімқұлов туралы дерек жинауға, Жаңатасқа келеді. Ішкі істер саласында Төкеңнің қарамағында еңбек еткен, сарысулық өнерлі азамат Манарбек Әлиев жол бастап, үшеуміз атақты жазушымен үзеңгілес жүрген Төкеңнің «Бестоғай» өңіріндегі үйіне тартып кеттік. Ағаның Тәкен туралы әдемі әңгімесін, құйқылжыта салған әнін түннің бір уағына дейін тыңдағанымыз бар. Журналистиканың сан тарау жолы сексенінші жылдардың соңында Жаңатастан бір-ақ шығарды. Мен туып-өскен ауыл мен қаланың арасы отыз шақырым да болмайды. Сонда да қалаға көп бармаппын. Шағын қаланың тұрғындарын да тани бермеймін. Оның үстіне ол жылдары Жаңатаста жергілікті ұлтқа қарағанда өзге ұлттың өкілдері көп болатын. «Горняк» аталатын Мәдениет сарайындағы түрлі мәдени шаралар көбіне ресми тілде өтетін. Бір күні қалалық ішкі істер бөліміне бір шаруамен бара қалайын. Жіңішке келген ұзын дәлізден алдымнан Төлеу Үшқоңыров ұшыраса кетті. Баяғы жіптіктей емес, толысқан, шашын да ақ қырау шала бастапты. Сәлем бердім. Бірден таныды. Амандық-саулық сұрастық. Төкең күзет бөлімінің бастығы екен. «Ән-жырдан қол үзіп кеткен жоқсыз ба аға?» дедім. «Жоқ, айналайын, өнерді өлтіруге болмайды, кейінгі жылдары да біршама ән шығардым, жазу-сызумен де айналысып қоямын» деді. Кейін милициядағы жігіттерден естідім, ағамыз әншілігімен қоса, композиторлығымен де кеншілер қаласында аты аспандап кетіпті. «Жаңатас вальсі» әні қаланың әнұранына айналған. Көп ұзамай Төкеңді қалалық радиоға шақырып, домбыра және баянмен орындаған әндерін таспаға түсіріп алдым. Бір күні студияға Сәуле Жанпейісованы ертіп келді. Әнші қарындасты бұрыннан да танушы едім. «Шырағым, біздің әншілік әшейін ауыл ішінде ғой. Сәуле халық әндерін де, елге белгілі композиторлардың да, оған қоса менің де әндерімді тамаша орындайды. Алла бұйыртса қазақтың бұлбұл әншісі болады бұл қыз» дейді. Жалма-жан жазып алдым. Бұрын шулық, белгілі термеші Аяз Бетбаевтың ғана термелері бар ән-жыр қорымыз әжептәуір толығып қалды. «Талантты талант қана таниды» деген рас қой. Сәуле бүгінде қазақ еліне танылған әнші. Содан бастап Төкеңмен арада ағалы-інідей жарасымды бір қарым-қатынас орнады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин, ақын-журналист Әлсейт Әлмен жарықтық, таңдайына ән ұялаған, атақты ұстаз-әнші Көпжасар Арынов бар өнер адамдарының арасына топ ете қалдым. Басымыз қосыла қалса үлкеніміз Төкең «Айғанайымын», Пернекең Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұмын» шырқайды, Әлекең лирикалық жырларын оқиды. Кезек Көпекеңе келгенде халық әндерін де, белгілі композиторлар мен Төкеңнің әндерін де бірінен кейін бірін төгілтіп сала беретін. Тыңдаушы мен ғана. Сағымға айналған сағынышты жылдар еді, шіркін ол! 1998 жыл. Ағаның 60 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Қысқа жіп күрмеуге келмей, Жаңатастың «жанайқайы» жаңғырып тұрған шақ. Жылуы, жарығы оқтын-оқтын болмай қалатын қалада барлық шаруа шатқаяқтап кеткен. Бірде Төкең «дүрілдетіп той жасайтын заман емес, жігіттер» деді. Ағаларын ардақ тұтатын Пернебай мен Көпжасар «тым болмаса, шығармашылық кешіңізді өткізіп, шама-шарқымызша дастархан жаяйық» десті. Өнер жолындағы екі інісінің ұсынысын қабыл алған аға қаладағы Мәдениет сарайында әдемі кешін өткізді, тарту-таралғысы жасалды. Ән мен жырға сусып қалған сарысулықтар бір серпіліп қалды сол кеште.Таластық айтыскер ақын Ербол Қамбатыров жырдан шашу шашты:
Ақиқатпен тігетін арға басын, Тірлігіне тұлғаның таңданасың. Төкең бүгін туған жер төрінде жүр, Сазға бөлеп Сарысу сар даласын. Алып тұлға көрінсе анық төрден, Тылсым дүние сиқырын танып көрген. Бестоғайдың бесігі тербеткенде, Шабақтының шатқалы шабыт берген.
Қара сөздің қастерлеп қасиетін, Өлеңменен қалдырар өсиетін. Бір бойына өнердің үш тармағын, Тоғыстырған тұлға ғой бас иетін.
Жаны оның жаралған ән-тұмардан, Өмір өзі сыйлаған тарту алдан. Нұрғисадай құдірет қолын алып, Әлімқұлдың Тәкені тәнті болған.
Өмірде бар өзіндік қағидасы, Жаратылған ерекше фәниде осы. Ән-айдында жүздірген аққулары, Гауһар, Сәуле, Ардақ пен Мәдинасы.
Бола ма екен жүректен сырды ұғынбай, Жүрекке жүре алмайсың құлдық ұрмай. Айғанайым сияқты асыл жарлар, Махаббат пен сезімнің символындай.
Таратылып барады тағы да ойым, Әсем күйге орасын әні бойын. Үшқоңырдың Төлеуіне тілеймін мен, Үшқоңырда туған ұлдың абыройын. Қанша жыл өтті, Ербол ақынның осы арнауы есімде қалыпты. Сол 60 жас қарсаңында шығармашылығы туралы деректі фильм де түсірілді. Осы өнер туындысын түсіру кезінде бірге жүрген інілерінің көзіне «Шабақты» өзеніндегі көпір үстімен өтіп бара жатқан пойыздың соңғы вагондары түседі. Пернебай, Көпжасар және Әлсейт марқұм бірдей «Пойыз кетіп барады қырдан асып...» деп әндетіп қоя беріпті. Жалпы, Төкең сұңғыла жан. Әр сөздің түп-төркінін, мән-мағынасын бірден біле қояды. Інілерінің жайдарлы жүзінен, жалындаған жанарларынан «сіздің өміріңіз де осы пойыздай өтіп бара жатыр, бойыңыздағы Құдай берген талантты елге толық бере алдыңыз ба?» деген сұрақты іштей сезеді. Содан арада 10 жыл өткенде «Аққуым мөлдір» аталатын әдеби-cазды кітабы жарыққа шықты. Оның алдында «Қаратау саздары» ән жинағы мен «Жолбарыс пен мысық» сықақ кітабы оқырман қолына тиген еді. «Қаратау – ән мен жырдың мекені» атты өлеңдер жинағы мен «Айған-Айым» атты әдеби-cазды көркем шығармасы баспада жатыр. «Осы уақытқа дейін неге жарыққа шықпайды аға?» деп сұрай алмадым. Ағаның ән деп соққан жүрек пернесін үзіп алам ба дедім. Жалпы, Төкең ешқашан, ешкімнің алдында талантын пұлдап, қол жайған емес. Демеуші табылып жатса қалың елдің көзайымына айнала жатар. Әттең, баспа тартпасында жатқан сол дүниелер өнерсүйер қауымға бүгін керек. Елге танымал әншілер Сәуле Жанпейісова, Гауһар Қаспақова және Ардақ Исатаева орындайтын «Жан сәулем», «Айғанайым», «Асыл құрбым», «Көзкөргенім», «Аққуым мөлдір» әндері қандай шіркін, тыңдағанда құлақ құрышын қандыратын. «Қаратау», «Жаңатас вальсі» және «Бестоғайым» әндері туған мекенге деген перзенттік сезімнен шықса, «Нұрғиса аға», «Ән-Роза», «Айгүлім» және «Үкілі қыз» тағы басқа әндері өнер саңлақтарына арналған. Төлеу аға Үшқоңыровтың әндерін тыңдасам ойыма кеншілер қаласының маңындағы тобылғы сай түседі. Талай рет көрген, табиғатына тамсанған жер. Төкең осы бір тамаша жер туралы «Тобылғы сай» атты өлең жазды. Әнін тағы бір талантты композитор, марқұм Мэлс Өзбеков 1980 жылы шығарды. 10 жыл бойы «халық әні» деп айтылып, сөзі де бұрмаланып келді. Алайда, ән авторлары республикалық «Лениншіл жас» (Жас Алаш») газетінің 1990 жылғы 27 қазан күнгі 207 санында «Тобылғы сай» әнінің қалай шыққаны туралы мағлұмат беріп, әннің сөзі мен нотасын жариялайды. Содан бастап, ән өз иелерін тапқан сыңайлы. Дегенмен, әлі де «Тобылғы сайды» «халық әні» дегенді естіп қаламыз. Бұл өмірден ерте өткен талантты композитор Мэлс Өзбековтің рухына да, сексен жастың сеңгіріне қарай аяқ басқан елде тұратын өнер жолында жүрген ағамыздың алдында да қиянат. Сарысулық белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин ана жылы «Төкең лирик ақын, сыршыл сазгер. Оның әлі де берері көп» дегені еске оралады. Пернекеңнен артық не айтамыз. Елге береріңіз сарқылмасын ақын аға, ән аға!
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Суретте: Төлеу Үшқоңыровтың
қонақжай шаңырағында майдангер-
жазушы Әзілхан Нұршайықов.