Президент бірқатар нысандарды аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Астанадағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған бірқатар мектепті аралап көріп, сонымен қатар, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.
Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл ауқымды іс-шара Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізіп, оның бай мәдени және спорттық бағдарламасы Қазақстандағы этникалық туризмді дамытуға серпін беретіні сөзсіз.
Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел астанасында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысып, халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтетін «Астана арена» стадионын аралап көрді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды.
Сонымен қатар, Президентке «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады деп жоспарланған.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың әзірлігі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ, спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.
Жалпы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақ үй-спорт кешенінде өтеді. Ал, жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған.
Айта кетсек, халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, Этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ат спортынан жарыстар өтетін «Қазанат» ипподромын, жамбы ату және теңге ілу сайыстары үшін арнайы жасақталған алаңды көрді.
Елімізде осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалып, осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі деп жоспарланып отыр.
20 тамызда елордадағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ошақтарын аралаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі қаланың Есіл ауданындағы №103 мектепке барып, заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін көрді. Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды. Білім ошағының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасалған. Қазіргі кезде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалған. Сонымен қатар, жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Президент Астана қаласының Нұра ауданындағы №101 мектепті де аралап көрді. Аталған білім ошағында екі ауысымда 4 мың оқушы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша оқитын болады. Мемлекет басшысы мектептің оқу және шығармашылық кабинеттерін, сондай-ақ, спорт және акт залдарын аралады. Президентке жаңа мектептің мүмкіндіктері, атап айтқанда, оқушылардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлық технологияларды зерттеу, жасанды интеллектіні қолдану, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру, оқу бағдарламасы мен роботты техниканы үйлестіру бағыттары жайында мәлімет берілді.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың орта білім беру саласын дамыту туралы баяндады. Сондай-ақ, ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 24 оқу ошағы салынып жатқанын айтты. Ал, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылына дайындық жайында есеп берді. Бүгінде республика бойынша 536 мың оқушыға арналған 302 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал, 220 мың оқушыны қамтитын 280 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 миллион бала тегін тамақпен қамтылады.
Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Астанада салынып жатқан мектептер қаланың қарқынды дамып келе жатқан Нұра, Есіл, Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарында тұратын тұрғындардың игілігіне берілмек.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП