Экономика

«Сын – барлық салада бар»

Мұрат САУРЫҚОВ, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын», – деген болатын. Жуырда республикалық деңгейдегі межеге облысымыз уақытынан бұрын қол жеткізіп, жол сапасы бойынша екінші орында екендігі белгілі болды. Осы межеге қол жеткізудің сырын білу үшін Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовпен сұхбаттастық.

– Сұхбат кіріспесін жол саласындағы еңбек өтіліңізден бастасақ. Жалпы, бұл салаға келгеніңізге қанша уақыт болды?

– Мен 2005 жылдан бастап осы саладамын. 2005-2013 жылдар аралығында «Қазавтожол» мекемесінде қызмет еттім. Ал, 2013 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жұмысымды жалғастырдым. 2018 жылы басқарма «Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» деген ресми атаумен құрылыс басқармасынан бөлініп шықты. 2023 жылдың ақпан айына дейін басқармада бөлім басшысы қызметінде болып, өткен жылы басшылық лауазымға тағайындалдым. Жалпы айтсақ, бұл салада жүргеніме 19 жылдан асыпты.

 – Демек, тәжірибеңіз жеткілікті. Осы тұста мынадай сауал туындайды: жақында ғана әріптестеріме берген сұхбатыңызда «Жамбыл облысының жол сапасы республика бойынша екінші орында» деген екенсіз. Бірінші орынға шығуға не кедергі?

 – Бірінші орынға шығуға ешқандай кедергі жоқ. Биылғы жоспарланған жобаларды толығымен аяқтайтын болсақ, келер жылы, әрине, бірінші орында боламыз деген ойдамыз. Нақтырақ айтсақ, бүгінде жол жөндеу бойынша 303 жобаның 289-ына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 248 жоба бойынша конкурс қорытындысы шығып, келісімшарттар жасалды. Жол сапасына байланысты министрлік тарапынан бекітілген жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдың индикаторға сәйкес 2023 жылы облыстық және аудандық маңызды жолдар бойынша көрсеткішті 98 пайызға дейін жеткіздік. Ал елді мекендердегі жолдар бойынша 85 пайызға жеткен. 2024 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға (жақсы – 62, қанағаттанарлық – 37 пайыз) жеткізуді жоспарлап отырмыз. Былтырғы көрсеткішті естіген адам 98 пайыздың барлығы мінсіз деп ойлауы мүмкін. Осы тұста түсініктеме бере кетейін. Қазіргі уақытта 98 пайыздың 60 пайызын жақсы, қалғандарын қанағаттанарлық жағдайда ұстап тұрмыз. Мәселен, биыл қаламызда жаңа асфальт төселіп, жол жөнделіп жатыр. Ал жаңа асфальт төсеуге кірмей қалған жол бөліктерін біз міндетті түрде күтіп ұстау жұмыстары аясында шұңқырлы жөндеумен айналысамыз. Көп адам мұны біледі, қыстан кейін көп жерде шұңқыр пайда болады, көктем айларында солардың бәрі жамалған соң, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сондықтан «қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар» деп соны атаймыз. Бұл көрсеткіш – біздің министрлікке берген есептік көрсеткіштер. Толығырақ тарқатар болсақ, жол саласына қатысты көктемгі және күзгі кешенді байқау деген нұсқаулық бар. Ол министрлік тарапынан бекітілген. Соған сәйкес, көктемде және күзде комиссия құрылады. Комиссия құрамына басқарма, көліктік бақылау инспекциясы, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығынан» мамандар кіреді. Аталған комиссия құрамындағы бірінші өкіл – төраға орынбасары. Ол міндетті түрде әкімшілік полиция басқармасы тарапынан болады. Біздегі жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты ақаулардың бәрін жоюмен айналысатын және оларға нұсқама беретін – әкімшілік полиция басқармасы. Осы өкілдердің қатысуымен тұрақты түрде күзде және көктемде кешенді тексеріс жұмыстары жүргізіліп отырады. Соның нәтижесінде ақаулар анықталады. Көктемде анықталған ақаулардың жойылуы күзде қаралады. Осылайша нұсқаулыққа сәйкес есебі шығарылады. Артынша формула бойынша жолды күтіп ұстау сапасы белгілі болады. Тәртіпке сай белгілі болған барлық мәселе жинақталып, есеп ретінде министрлікке жолданады. Осы сатыдан кейін ғана әр өңірден келген есептер сараланып, республика бойынша жол сапасы жағынан өңірлердің көрсеткіші белгілі болады. Бұл нұсқаулық бойынша жолды салу мен жалпы сапасы ғана емес, күтіп ұстау бойынша көрсеткіштері де назарға алынады. Бұл жерде айрықша атап өтетін жағдай, жол сапасы дегенде, салынып жатқан жолдардың жағдайын емес, өңірлердегі жолдарды күтіп ұстау сапасы туралы да айтылып жатқанын ескеріп, айырмашылығын білген жөн. Осы жүйе негізіндегі жүргізілген жұмыстар мен жалпы есеп бойынша біздің облыс былтыр екінші орынға тұрақтады. Ал республика бойынша ең төменгі көрсеткішті батыстықтар көрсетіп отыр. Өйткені, ол жақта республикалық жолдардың өзі әлі күнге дейін шағалды. Ал, біздің өңірде 2010 жылдан бастап бүкіл республикалық жолдарды жөндеу қолға алынып, асфальт-бетон төселген. Қазіргі таңда біздегі республикалық жолдар жақсы жағдайда деуге негіз бар. Өйткені, олардың барлығы орташа жөндеумен емес, қайта жаңғырту жұмыстарымен қамтылып отыр. Осы жұмыстар толық аяқталғанда, жол сапасын жүз пайыз жақсы деп ауыз толтырып айтамыз.

 – Сөз барысында көктем, күз мезгілдерінде жолдардың кейбір бөліктері шұңқыр болып қалатынын айтып өттіңіз. Сол жолдардың кепілдік мерзімі қанша жыл болмақ?

 – Халықта бір мәрте жөнделген жол ешқандай кедір-бұдыр, шұңқырсыз тұруы тиіс деген түсінік қалыптасқан. Алайда, жол – ескерткіш емес. Ол күнделікті қызметте. Жол сапасына климаттық жағдайдың да әсері бар. Дәл осындай әртүрлі себептерге байланысты шұңқырлар пайда болады. Сондай жағдайда біздің тарапымыздан бірден күтіп ұстау жұмыстары жүргізіледі. Күтіп ұстау жұмысы дегеніміз – шұғыл түрде әрекет ету шаралары. Егер бұл әрекет дер кезінде қолға алынбаса, жолдың сапасы одан сайын төмендеп кету қаупі жоғары. Шын мәнінде, күтіп ұстау жұмысы жыл бойы үздіксіз жүзеге асуы керек. Сол кезде ғана жолдың сапасын сақтай аламыз. Жолды жөндеу жұмысының да өзіндік тәртібі бар. Мәселен, әр жолдың жөндеуаралық мерзімі болады. Мысалы, бір жол күрделі жөндеуден өтсе, келесі күрделі жөндеу жұмысы заңға сәйкес жиырма жылдан кейін болуы тиіс. Бекітілген мерзім аралығында алғашқы төрт жылда ағымдағы жөндеу, әр бесінші жылы орташа жөндеу жұмыстары іске асады. Яғни, төрт мәрте орташа жөндеуден өткен жол бесіншісінде күрделі жөндеуден өтеді. Осындай сатылық жұмыстардан соң ғана жол ұзақ уақыт қызмет етеді. Өкінішке қарай, біздің елімізде жер аумағының кеңдігі, бюджеттің тапшылығына байланысты жолды жөндеу жұмысында осы реттілік сақталып жатқан жоқ. Жол сапасына қатысты мәселелердің туындау себебі де осында.

 – Жиі болмаса да, қала ішінде жүк көліктерінің жүруі жол сапасын ұстап тұруға кері әсерін береді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүк көліктерінің қала ішіне кіру, шығуын бақылайды ма?

 – Бақыламайды. Өйткені, сіз атап өткен мәселе басқарманың құзіретінде емес. Әр өңірде министрліктің құрамына кіретін көлікті бақылау инспекциясы бар. Ауыр жүк салмағымен жүріп өткендерге тосқауыл қою, оларға әкімшілік айыппұлдар салу құқығы осы мекеменің құзырында. Мысалы, үлкен жүк көліктері жүріп өткен жағдайда басқарма инспекцияға тек ақпарат береді, ары қарай рейдтік жұмыстарды жүргізіп, айыппұлдар салумен аталған мекеменің мамандары айналысады. Басқарма тарапынан ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен ісшараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізу жалғасуда. 2024 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 308 автокөлік тексерілді. Жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 585 әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлілерге 19,2 миллион теңге айыппұл салынды. Жергілікті бюджетке 18,2 миллион теңгесі өндірілді. Кез келген саланың өзіне тән шешілмеген проблемалары бар. Жол саласындағы проблеманың бірі – дәл осы қала ішіндегі жол сапасын ұстап тұруға жүк көліктерінің кері әсерін беруі деп атап өтер едім. Қазіргі уақытта Қытай өндірушілерінің Shaсman, Howo сынды 45-60 тонналық көліктері елімізге келіп жатыр. Ал, біздің барлық жолда рұқсат берілген салмақ небәрі 25 тонна. Осы тұста қарама-қайшылықтар туындайды. Бұл мәселенің шешімі ретінде министрлік автоматтандырылған өлшегіш құралдарды жергілікті, республикалық жолдарға қоюды жоспарлауда. Себебі, автоматтандырылған өлшегіш құралдарды орнатқан жағдайда адами факторлар болмайды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды.

– Жолдың сапасын тексеретін компаниялармен жұмыс қалай жүргізіледі?

 – Жол сапасына қатысты көптеген сұрақтардың туындауына байланысты 2019 жылы Көлік министрлігінің «Автомобильдер жолдары» комитетінен жол активтері сапасының ұлттық орталығы ашылды. Орталық тікелей тапсырыс берушілермен жұмыс істеп, келісімшартқа отыру, жобаларды іске асыру, құрылыс материалдарының сапалылығын тексеру секілді міндеттерді атқарады. Алайда, орталық барлық жол жұмыстарының сапасын тексеру керек деген қағида жоқ. Сондықтан, зертханасы, мамандары бойынша толыққанды аккредитациядан өткен кез келген мекеме жол сапасын тексерумен айналыса алады. Мәселен, біздің қаламыздағы «Тараз көлік жолы» мекемесінің бөлек аккредитацияланған жеке зертханасы бар. Басқарма тапсырыс беруші болғандықтан, жол активтері сапасының ұлттық орталығымен тығыз жұмыс істейді. Егер орталық жол құрылысындағы материалдардың сапасы жағынан талапқа сай келмейтін тұстарды тауып, ескерту берсе, басқарма мердігерге теріс нәтиже туралы хабарлап, қайта жөндеуді талап ете алады. Мердігер теріс нәтижелермен келіспеген жағдайда комиссия құрылады. Жалпы, жол сапасын тексеру үрдісі осылай жүзеге асады.

 – Республикалық, қалалық жолдар мен аудандардағы, елді мекендердегі жолдарды жөндеуге арналған материалдардың құрамында қандай да бір айырмашылық бар ма?

 – Ол жөндеу түріне байланысты. Орташа жөндеу болған жағдайда ескі жолды бұзып, майдалап, нығыздап, бетіне алты сантиметр асфальт төсейді. Кей жағдайда орташа жөндеуге жаңа материалдар қосылады. Ал республикалық жолдарда көбіне қайта жаңғырту, яғни жаңа құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жолды нөлден бастап көтергендіктен, бірінші қабатына топырақ, қара қиыршық тас сынды материалдар төселеді. Бұл жағдайда асфальт жамылғысының өзі үш қабаттан тұрады. Мысалы, былтыр қаламыздағы Шостакович, Саңырық батыр көшелеріндегі жолдарды жөндеу барысында екі қабат тас төселіп, нөлден бастап көтерілді. Демек, жолдарды жөндеуге арналған материалдардың құрамы жолдың орналасқан аумағына емес, жөндеу түріне байланысты анықталады деген сөз. Қарапайым халықта қай жақтың жолы жөнделсе, асфальт төселіп жатыр деген ұғым ғана болуы мүмкін, десе де технология мен жұмыс түріне байланысты көптеген айырмашылықтардың болатыны жасырын емес.

– Жол саласы бойынша кадр жетіспеушілігі мәселесі деген бар шығар...

– Жасыратыны жоқ, салада кадр жетіспеушілігі – ауыз толтырып айтарлықтай үлкен мәселе. Біздің салаға штаттық бірліктің өзі өте аз бөлінген. Мысалы, облыстық басқарма бола тұра, біздің өзімізде «Жолаушылар көлігі» бөлімінде бар-жоғы төрт маман жұмыс істейді. Оларға бүкіл облыс бойынша саладағы жұмысты игеруге тура келеді. Ал аудандардағы жағдай тіпті мүшкіл. Аудандардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде ары кетсе екі маман бар. Оның біреуі де жол саласының маманы емес. Себебі, бірнеше бағытта қызмет жүргізетіндіктен, көбіне заңгер, экономист мамандығын бітірген қызметкерлер жұмыс істейді. Оларға жол саласы және қосымша өзге де бағыттағы жұмыстарды игеру физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Бүгінде саладағы алдағы уақытта шешімін табуы тиіс ең түйткілді мәселелердің бірі – кадр тапшылығы.

 – Облыс бойынша қай аудандардың жол жағдайы жақсы деп айта аласыз?

– Байзақ, Жамбыл – екі ауданда да аудан орталығымен де, облыс орталығына қатынайтын жолдар да толық асфальтталған. Жамбыл ауданында екі жылдың ішінде 134 шақырым жол жөндеуден өтті. Бұл ауылішілік жолдарды жөндеуден өткізу туралы тұрғындардың басты талаптарын орындау барысында атқарылған шаруалардың жемісі. Аудан басшылары жергілікті халықпен кездесіп, олардың талап-тілегі мен уәжін тыңдау барысында осы мәселе жиі көтеріліп келген. Қазір мәселе біртіндеп шешімін табуда. Меркі, Қордай аудандарында да жол сапасының көрсеткіштері жаман емес. Былтырдан бастап Шу ауданының жолдарын жөндеу қолға алынып жатыр. Шу мен Бурылбайталдың арасы толық жөнделіп толық пайдалануға берілді. Биыл Шу мен Меркінің арасы жөнделіп, күзге дейін аяқтау жоспарланып жатыр.

 – Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта облысымызда нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 – Қазіргі таңда біздің өңір республика бойынша қойылған межеге қолжеткізіп отыр. Былтыр Президент тарапынан тапсырма берілген соң, жолға бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылды. Тиісті жұмыстар атқарылып, сөз басында айтып өткенімдей, облыстық және аудандық маңызды жолдар бойынша көрсеткішті 98 пайызға дейін жеткіздік. Енді осы қарқыннан таймай, 2025 жылға дейін жақсы, қанағаттанарлық жағдайда ұстап тұру маңызды. Олай деуімнің басты себебі, республика бойынша әлі де 40-50 пайыз көрсеткішті көрсетіп отырған өңірлер бар. Солардың барлығын қосып есептегенде республика бойынша жергілікті жолдарды жақсарту көрсеткіші қорытынды көрсеткішпен 68-70 пайызды құрап отыр. Сондықтан өзге өңірлердегі көрсеткіш жақсарғанша облыстағы көрсеткіш те төмендемеуі тиіс.

– Алдағы уақытта нақты қандай жоспарларыңыз бар?

 – Маман әрі басшы ретінде айтар болсам, кез келген өңірде «Облыстың даму жоспары» болады. Соған сәйкес әр саланың басшылары мен мамандары жоспарлы түрде жұмыс істейді. Бюджеттен алдын ала қаржы жоспарлануы үшін, қай саланың болмасын, биік нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдің, республиканың жанданып, дамуы үшін жобалардың алдын ала жазылып, үйлестіріліп отыруы аса маңызды. Басқарма тарапынан былтыр 2027 жылға дейінгі жоспар қаралып, бекітілді. Алдағы үштөрт жылға ауқымды жобалар легі ретретімен қаралуда, белгілі бір деңгейдегі межелер қойылған. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде осы уақытқа дейін бірнеше жоба іске асырылып, жемісін берді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын қалаішілік және аудан, қалааралық жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктердің арасында ескілерінің саны көп болатын. Ескі қоғамдық көлікті пайдалануда жұртшылықтың жолсоқты болуынан бөлек, өңірдің экологиялық ахуалына да тигізетін зияны орасан еді. Бүгінде облыс орталығында тозығы жеткен автобустар шетінен жаңасына алмастырылып, автопарктерді жаңарту жүйелі жолға қойылды. Осы мақсатта облыс бойынша 136 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде облысаралық 12 маршрут, ауданаралық – 26, ауданішілік – 54, қалаішілік – 39, қала маңында 5 маршрут халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 789 автобус арқылы 43 тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Оның 155-і облысаралық, 130-ы ауданаралық, 89-ы ауданішілік, 415-і қалалық және қала маңындағы автобустар. Басқарма тарапынан облысаралық 12 маршрут, ауданаралық 26 маршрут ұйымдастырылған. Халықтың сұранысына сәйкес, Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына 8 облысаралық маршрут ашылған. Тарқата айтсақ, Тараз-Алматы арасында – 2, Жаңатас-Алматы, Меркі-Алматы, Шу-Алматы, Мойынқұм-Алматы, Қаратау-Алматы бағыттарында бір автобустан қатынайды. Сондай-ақ, Тараз-Шымкент, Қаратау-Шымкент, Жаңатас-Шымкент бағыттары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Астана және Қарағанды қалаларына бір-бір маршрут қарастырылған. Ал ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл 73 ауылдың 249 көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін Жол активтері ұлттық сапа орталығына бюджеттен 134,4 миллион теңге бөлінді.

– Әлеуметтік желіде, жалпы өмірде жол саласына қатысты айтылатын сын аз емес. Оның барлығын қалай қабылдайсыз? Басшы ретінде осы жағдайға қатысты белгілі бір тәсіліңіз бар ма?

 – Сын барлық салада бар. Сынның айтылғаны дұрыс деп есептеймін. Кейде айтылған сынның арасынан көңілге қонымды, жұмыстың ары қарай жандануына септігі тиетін пікірлер де болуы мүмкін. Тиісінше, мәселенің тереңіне бармай, «Былтыр ғана жөнделіп еді, тағы жөнделіп жатыр» деп негізсіз сын айтатындар да болады. Оның себебін сұхбат барысында ашып түсіндіре алдым деген ойдамын. Жол жөндеудің ағымдағы, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу сынды түрлеріне байланысты мақсатты индикаторларда бекітілген ережеге сәйкес қызмет атқарамыз. Ал оны көбі түсіне бермеуі мүмкін. Ондай жағдайда, біз «ашықтық» саясатын қолданамыз. Біздің жұмыстың ешқандай құпиясы жоқ. Барлық ақпарат ашық ақпарат көздерінде орналастырылған. Басшы ретінде сынға қатысты пікірім осындай. Керегін аламыз, тыңдаймыз. Түсінбестіктен туындаған сұрақтарға ашық жауап береміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.