Дойбының дамуына үлес қосқан
Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінде дойбыдан Қазақстан Республикасының спорт шебері, дойбы және шахматтан Азия чемпионы, Қазақстанның кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» медалінің иегері, дойбыдан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы болған, марқұм Берік Пішановқа арнап бұрыш ашылды.
Бұрыштың ашылуына арналған іс-шарада аталған музей директоры Ербол Наршаұлы: «Талас ауданының атын сырт мемлекеттерге танытқан, жүздеген шәкірт дайындап шығарған Берік Әбілханұлы қандай құрметке де лайық», – деді. Ал, Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шыңғыс Рысбек спорт ардагерінің өмір жолына тоқталып, атқарған ісі жас ұрпаққа тағылым екенін айтты. Мұнан соң спорт ардагерінің бауыры Серік Пішанов, кенже ұлы Айсұлтан Әбілхан әсерлі естеліктер айтты. Сондай-ақ, ел ардақтаған спорт шеберінің жұбайы Жауһар Дәуренбекова жүздеген шәкірттері Беріктің абыройын биіктете беретініне, өмірінің соңғы сағаттарына дейін спортқа еңбек сіңірген жарын мақтан тұтатынын айтып, музей ұжымына алғысын білдірді. Оның шәкірті Дана Бекенқызы Берік Пішановтың ауданға сіңірген еңбегі өте көп екенін айтты. «Біз де дойбының қыр-сырын осы кісіден үйрендік. Дойбыдан жасөспірімдер арасында екі дүркін облыс чемпионы болдым. Ұстазымыз мәңгі елдің есінде. Ағайға арналып ашылған бұрышқа келушілер көп болсын», – деді.
Бұл бұрышқа дойбы мен шахматтан Азия чемпионы Берік Пішановтың спорттық киімдері, әр жылы тұтынған дойбы, шахмат тақталары, әр жарыстан алып келген естелік сыйлықтары қойылған.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы