Әлеумет

Бейбіт күннің тыныштығын күзеткен

Шекарашылар күні қарсаңында облыс прокуроры, үшінші дәрежелі әділет кеңесшісі Нұрғалым Әбдіровтің басқаруындағы зандылықты, кұкықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мүшелері әскери қызметшілердің қызметі және тұрмысымен танысу мақсатында Меркі шекара басқармасының «Андас батыр» шекара бөлімшесіне барды.

Облыс прокуроры шекара бөлімшесінің жеке құрамын айшықты мерекесімен құттықтап, еліміздің тыныштығы мен тұтастығын күзетудегі шекарашылардың ерен еңбегін атап өтті.

Бұдан соң Үйлестіру кеңесінің мүшелері жыл басында ғана қолданысқа берілген «Андас батыр» шекара бөлімшесінің жұмысымен танысып, мемлекеттік шекараны таулы бағыттарда қорғау мен күзету бойынша проблемалық сұрақтарға тоқталды.

Айта кету керек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті 2020 жылдан бері Үйлестіру кеңесінің кұрамына енген. Аталған кеңес осы уақыт аралығында тығыз өзара қарым-қатынас нәтижесінде, облыс аумағындағы шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар күрделі сұрақтардың оңтайлы шешімін тапқан.

Сонымен қатар, Үйлестіру кеңесінің құрамына кіретін органдармен Мемлекеттік шекараны нығайтуда, инженерлік қондырғылар мен құралдарды салуда көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, облыста 20 шақырымнан астам инженерлік қондырғылар, 2 бейнебақылау жүйесі, 3 стационарлы техникалық бекет салынған. Мемлекеттік шекара сызығының маңында орналасқан жанар-жағармай құйып алатын бекеттерде Қырғыз Республикасының көліктеріне заңмен реттелген талаптарды бұза отырып, жанар-жағармай құю әрекеттері тоқтатылған.

Кездесу соңында кеңес мүшелері атқарылған жұмыстардың мемлекеттік органдардың басшылығымен жоғары бағаланып жатқандығын жеткізіп, шекараны оңтайландыру және инженерлік тұрғыда жабдықтау, шекаралық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жұмыстар бірлесіп іске асатындығын айтып өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК