Жаңалықтар

Мектепке дайындық барысы пысықталды

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Бұл аралықта ата-ана мен баланың жаңа кезеңге оқу құралдары және мектеп формасын әзірлеуден бөлек қауіпсіздік, психологиялық, эмоция тұрғысында әзірлігі де үлкен маңызға ие. Осы мақсатта «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы ата-аналар қауымына арналған «Мектепке дайындық» семинар-тренингін ұйымдастырды.

Облыстық білім басқармасы, ата-аналар комитеті, ювеналды полиция тобы, жергілікті полиция бөлімі, полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырған шараға аудандар мен Тараз қалалық ата-аналар комитеттерінің өкілдері, аудандық білім бөлімінің тәрбие әдіскерлері қатысты. Іс-шараның кіріспе сөзін облыстық білім беру сапасын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Мұхит Нысанбаев алып, өңірдегі мектептердің жаңа оқу жылына әзірлігін атап, бала мен ата-ананың қарым-қатынасы және мектеп пен ата-ананың байланысына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бірлестік жұмысына сәттілік тіледі. Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ міндет екендігін жеткізді. Ал, басқосуға арнайы қатысқан облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дарибаева әріптестеріне тиісті нұсқау беріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде полиция майоры Әлішер Қалышев «Баланың бөтені болмас» тақырыбы аясында үйден мектепке дейінгі қауіпсіздік шаралары жайлы кеңінен баяндады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы және Ішкі істер министрлігінің тапсырмасын  орындау мақсатында жасөспірімдер арасында қылмыстардың алдын алу, оқушылар мен студенттердің қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін анықтап, олармен жүргізілетін профилактикалық бағыттағы жұмыстарды жүргізу мақсатында облыс аумағында орналасқан 506 мектеп пен 42 колледжге 561 полиция қызметкері бекітілгенін айтты.

Ал, денсаулық сақтау саласының маманы Әйгерім Нәбиева салауатты өмір салты турасында ақпарат берді. Облыс әкімдігі білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының директоры Ришат Еркінұлы қаржылық сауаттылық жөнінде мәлімет беріп, ата - аналармен тимбилдинг өткізді. Ал, психолог-педагог Әйгерім Исмаилова эмоционалды интеллект жайлы баяндама оқып, қатысушылармен жаттығу жасады. «Сенімен болашақ» РҚБ облыстық филиалының психологы Шолпан Рахымбердиева бала уақытын тиімді пайдалану жөнінде ақпарат берді. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ