Құқық

Каннабис тобының есірткілері жойылды

Еліміздің Ішкі істер министрлігі әр жыл сайын жаз және күз мезгілінде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізетіні белгілі. Жалпы, бұл шара есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы тұруға бағытталған. Талдауға сүйенсек, тәртіп сақшылары соңғы 10 жыл ішінде 230 тоннадан астам каннабис тобының есірткілерін жойған. Ал, жоғары көрсеткіш 2015-2017 жылдарға тиесілі. Ол жылдары 30 тоннаға дейін есірткі тәркіленіпті. Полицейлер аталған операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу аймақтары анықталғанын жеткізді.

– Қаскүнемдер ыстық және құрғақ климаты бар жаңа егіс алқаптарын іздей бастады. Олардың пікірінше, мұндай жерлер полицияның бақылауынан тыс қалады және әуе барлауымен қамтылмайды. Бұл Түркістан, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарының аумағы, сондай-ақ елдің батыс өңірі, – делінген Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті таратқан ақпаратта.

ҚЫЛМЫСЫН ЖАСЫРУ ҮШІН КӨЛІГІН ӨРТЕГЕН

«Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында жамбылдық патрульдік полиция қызметкерлері кинолог мамандарымен бірлесіп, «Алматы-Екатеринбург» тасжолының 340-шақырымында «Лексус ЕС 350» автокөлігін тоқтатады. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында жолаушысы көлікке жанармай төгіп өртеп жібермек болған. Алайда, полиция қызметкерлері тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап үлгереді.

«Лэтти» атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен аталған көлікті тексеру кезінде артқы жүк салғыштан 4 полиэтилендік қапшыққа оралған өткір иісті, есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың салмағы 105 килограмға жуық кептірілген марихуана екені анықталды. Бүгінгі таңда қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.

ХАЙП ҚУЫП, АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Полицейлер әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында Тик-токқа жүктелген бейнежазбадағы заңбұзушылықтарды байқаған.

Көлік иесі әлеуметтік желідегі көрсетілімді көбейтіп, танымалдылығын арттыру мақсатында түрлі «трюктер» жасап, жол жүру ережелерін бұзған. Сонымен қатар, оның көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқарғандығы анықталды. Құқық бұзушы «LEXUS IS-F» маркалы автокөлігінің жүргізушісіне әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Ал, темір тұлпар айып тұраққа қойылды.

ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫ 18,2 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

Бұл күнде өңір аумағында 382 жасөспірім мен тұрмысы нашар 160 отбасы есепте тұр. Ал, жыл басынан бері полицейлер жастар мен жасөспірімдердің шоғырлану орындарын тексеруге бағытталған 1645 бірлескен рейд жүргізген. Нәтижесінде 9828 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, есепті кезеңде бас-аяғы 225 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

ҚОРҚОР САТҚАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ 

Тараздық полицейлер облыс орталығында келушілерге кальян ұсынатын дәмхана-барларға кезекті рет рейдтік іс-шаралар жүргізді. Екі күн ішінде темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заңбұзушылық деректері «Vstrecha», «Шишка», «Мансард», «Ескобар», «Мята», «Bult», «Жаным Сол», «С Кайфом», «MANSARD» және «PABLO» ойын-сауық орындарында анықталды. Айта кетейік, осы жылдың 20 маусымынан бастап облыстық полиция департаменті вейптерді саудалаған азаматтарға қатысты 3 қылмыстық іс қозғаған болатын.

 

Есен ӨТЕУЛІ