Алтын құрсақты анаға құрмет
Жуырда облыстық перинаталдық орталығында Тараз қаласының 38 жастағы тұрғыны Гүлнұр Сәпиева үшемді дүниеге әкелген болатын. Сәбилердің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Оларға Асылым, Айбатыр, Асылай деген есімдер қойылған. Осылайша, Сәпиевтер отбасында бұған дейін бес бала тәрбиеленсе, енді олардың қатары тағы үш перзентпен толықты.
Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков алтын құрсақты ананың шаңырағына арнайы барып, қуанышымен құттықтады.
Үшемнің анасы да шаһар басшысына ризашылығын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.
Сәбилер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 29 аптасында өмір есігін ашқан екен. Олардың бірінің салмағы – 992,0 грамм болса, екіншісінікі – 984,0, үшіншісінікі – 950 грамм. Қазір сәбилердің денсаулығы жақсы.
Жалпы, былтыр Таразда бір үшем дүниеге келсе, биылдың алғашқы алты айының өзінде екі үшем өмір есігін ашты.
«Aq jol»-Aqparat