Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес күшейіп келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақов көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған іс-шаралардың нәтижелері туралы есеп берді.
Айтуынша, аталған департамент қызметінің басым бөлігі – көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, көлеңкелі экономиканың саласында экономикалық қылмыстардың алдын алу, ашу және жолын кесуге бағытталған.
Жоспармен экономиканың барлық салаларында төлеу және қаржы операцияларының ашықтығын арттыруға арналған шаралар көзделген.
Мәселен, тауарды сатып алу кезінде чек бермеу тұтынушының қорғанысына залал мен көлеңкелі экономиканың өсуіне әсер беруде. Облысымызда көлеңкелі экономиканың үлесі 2022 жылда 25,2 пайызды құраса, 2023 жылы 2,1 пайызға азайып, 23,1 пайызды құраған. Осы бағытта Департаментпен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы бірлесе отырып, кәсіпкерлер мен уәкілетті органдардың қатысуымен акцизделетін өнімдердің және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын-сауық бизнесі, қаржы пирамидалары тақырыптары бойынша тұрақты түрде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған. Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп белсенді жұмыстар атқарылуда.
Департамент акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымымен белсенді түрде күресуде. Ағымдағы жылдың 7 айында Департамент қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық іс тіркеді. Департамент зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Мысалы, «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленіпті. Биылғы жылы «AFM Online 2024» атты ірі республикалық конференция өтіп, оған белсенді жастар, қоғамды құйымдар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері мен оқытушылары қатысқан. Облыстағы жоғары оқу орындары мен оқу орындарында, оның ішінде облыстағы 23 колледжде және облыс орталығындағы 50 мектепте қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқытылған.
Департамент облыс аумағында заңсыз ойын-сауық бизнесін ұйымдастыру деректерін анықтау мен жолын кесу бойынша жыл сайын нәтижелі іс-шараларды атқарып келеді. Ағымдағы жылдың 7 айында Тараз және Шу қалаларында 2 заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа жолданды.
Заңсыз контенті бар 374 сілтеме бұғатталған. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерінің ең көп саны Тараз қаласында тіркелгені анықталған. Яғни, 18 дерек. Шу қа ласы бойынша 10, Қордай ауданында 6 дерек тіркеліпті. Әрине, бұл да төмен көрсеткіш емес. Департамент лудоманияның алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқаруда. Алайда, бұл келеңсіз құбылысты бір ғана құқық қорғау органының күшімен жою мүмкін емес екені анық.
Жиын соңында Самат Базарханұлы журналистер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ