Жаңалықтар

Білімге бөлінген қаржы – болашаққа салынған инвестиция

Өскелең ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, тәрбиелеу – күллі адамзат үшін ең ұлы іс. Мемлекет басшысы да бұған ерекше көңіл бөліп, жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында да білім беру саласының мәселелерін айтып, Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп келеді. Бұл салаға бөлінетін қаржы жыл сайын артпаса кеміген емес. Себебі, балалардың сапалы білім алып, өнегелі тәрбиемен өсуіне салынған қаржы – кемел келешекке жасалған ең ұтымды инвестиция. Облыстың білім саласына биыл 319,2 миллиард теңге бөлінген.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев білім қызметкерлерімен өткен кеңесте биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы облыс бюджетінің 50 пайызынан асатынын айтқан еді.

Алдағы жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап, бұған дейін кездескен мәселелерді талқылайтын білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде «Орта білім беретін үздік ұйым-2024» грантын иеленген Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясына 68 миллион теңгенің сертификаты берілді. Ал, «Колледждер-лигасының» жеңімпазы Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне 10 миллион теңгенің, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 6 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, ақшалай 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Республикалық «Үздік педагог» байқауында 7 бірдей мұғалімі «Үздік педагог» атанған облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы «Үздік педагогтер шеберханасы» номинациясымен марапатталып, ақшалай 500 мың теңгенің сертификатын алды. Бұдан бөлек, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткіштен көрінген 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

Мұның бәрі де балаларды білімді де өнегелі тұлға етіп тәрбиелеуге жасалған қолдау екені сөзсіз. Жасөспірімдердің заман талабына сай сауаттанып, озық технологияларды меңгеріп, оң бағытта тәрбиеленуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық мұнымен шектелмесі анық. Оның жемісін түрлі білім бәйгелерінде, өнер додаларында топ жарып жүрген шәкірттер көрсетіп те жүр. 

 

Қамар ҚАРАСАЕВА