Аудан орталығында ауыз су тапшы
Жаз басталса Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары ауыз су тапшылығынан зардап шегеді. Бұл бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан қолайсыз жағдай.
Әсіресе, Бәйтерек, Ақментей және Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындарына үнемі су жетпей қалады. Ал, шын мәнісінде Жуалы ауданында жерасты суы жеткілікті. Ауданға іргелес жатқан Ақсай, Көксай шатқалдарынан келетін су үзілмейді. Бірақ, жаз басталысымен тұрғындарға ауыз су жетпейді. Дәл қазіргі уақытта аталған көшелерге ауыз су кестемен беріліп жүр. Суға қажеттілік екі есе артатын мезгілде қалыптасқан мұндай қолайсыздық тұрғындарды біршама әбігерге салып отыр.
Ауыл тұрғындары ауданды сумен қамтып отырған «Жуалы-Су» мекемесіне талай шағымданған. «Бәрібір нәтиже жоқ» дейді олар. Айтуларынша, кестемен берілетін су тап түс мезгілінде, су аса қажет уақытта тоқтап қалатын көрінеді. Әсіресе, қариясы мен еңбектеген сәбиі бар үйлерге бұл әжептәуір салмақ салып отыр.
Бір қызығы, ауданның өзге аймақтары ауыз судан тапшылық көріп отырған жоқ. Тіпті кей үйлерге құбыр арқылы келетін судың қарқыны күшті. Ал дәл аудан орталығындағы көшелерге ауыз су не себепті жеткіліксіз болып отырғанын ауыл әкімі Рәтбек Көсембаев былай деп түсіндірді: «Бәйтерек, Ақментей, Бауыржан Момышұлы көшелеріне ауыз су кестемен беріледі. Жазғы уақытта су жетіспеушілігіне байланысты сағат 12:00-бастап 17:00-ге дейін Қайрат ауылында орналасқан су жинау бассейніне су толтырылады. 17:00-ден бастап құбырға су жіберіледі. 2025 жылы жаңа скважина бұрғыланады. Су жүйесін жаңарту жоспарлануда». Ауыл әкімі таулы аймақта судың не себепті жетіспей отырғанына қисынды жауап айтқан жоқ. Сондықтан облыс әкімдігінің энергетика ж ә н е т ұ р ғ ы н ү й - ком м у н а л д ы қ ш а руа ш ы л ы ғ ы б а с қ а рм а с ы н а қайырылуды жөн көрдік. Аталған мекеменің сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Смат Сатымбеков Бауыржан Момышұлы ауылындағы су жүйелері өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жөндеу көрмегенін айтты.
Бай табиғатымен белгілі Жуалы жері судан тапшылық көреді дегенге адам иланбайды. Оның үстіне талайдың таңдайын жібіткен, мәуелі мың бұлақтың өзегі болған Мыңбұлақтың қайнарындағы ауылда ауыз судың жоқтығы зор әбестік секілді. Аудан аумағында 21 су бассейні орналасқан. Б ұ ғ а н қ а р а м а с т а н ат қ а р у ш ы мекемелердің берген жауаптарына қарасақ, жуалылықтардың жүйкесіне су мәселесі әлі бірнеше жыл жүк түсіретін секілді. Жауапты мамандар тұрғындардың ысырапшылдығын айыптайды. Бірақ ауылда суды көлкөсір пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Жаз басталса жұрттың бас ауруына айналатын жайды болдырмау үшін баламалы тәсілдер қарастыру жауапты мамандардың ойына келмей жатқанына таңымыз бар.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ