Жаңалықтар

Ауыл кеші көңілді!

«Өнер алды – қызыл тіл» деп білетін халқымыз ақындықтан да, әншіліктен де құралақан емес. Талай шетелдік зерттеушілер де қазақтың әрі батыр, әрі ақын халық екенін айтып, өнерпаздығын мойындаған тарихи жазбалар да баршылық. Ал өз халқымыз ауылына келген сал-серілерді ардақтап, өнерпаздардың аяғын жерге тигізбеген. Басынан кешкен небір нәубеттердің өзінде ән айтып, күй шертіп, жыр тыңдауды үзбеген қазақ жанын өнермен жұбатса керек.

Қазіргі таңда Шу өңірінде аудан әкімінің бастамасымен әрбір ауылдық округте «Ауыл кеші көңілді» атты сазды бағдарлама тұрғындар назарына ұсынылып келеді. Онда аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ауыл тұрғындарына әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

Бұған дейін Шу қаласы мен округтарда 17 мәрте ұсынылған сазды бағдарлама осы аптада Қорағаты ауылдық округінің әкімшілік орталығы Мойынқұм ауылында жалғасын тапты. Концерт ұйымдастырылатынын күні бұрын білген қариялар немерелерімен бірге сахна алдына ертерек жиналғанын көріп, олардың ән мен күйге сусағанын аңғардық.

Мәдениет қайраткері Жанат Досжанова орындаған «Мойынқұмда» әнінен кейін Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қорағатылықтарға жылы лебізін білдіріп, қарияларға аудан басшысының сәлемін жеткізді.

Бас-аяғы екі сағатқа жуық сазды бағдарламада әр әнші қос-қостан ән шырқап, көрермен көңілінің кілтін табуға барын салып жүр. Ән айтса да жанын жеп айтатын әншілер қатарында аға буыннан Жанат Досжанова, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қосыбаева, жастардың басы боп жүрген Мәдениет саласының үздігі Ербосын Қасымбек, Гүлім Бесіншібай, Арай Әділбекова, Балдат Бейсеқожа, Жансая Мұратқызы, Мерей Жадыра, Мәди Жапар, Ерлан Сатыпалды, Мейіржан Базаралы, Жәнібек Мұхамеджан сынды жас әншілер әр кеш сайын аудан тұрғындарын шаттандырып жүр.

Өнегелі өнер сапары расымен шулық ағайынды серпілтіп, шаруа басында жүрген жандарды жадыратты. Себебі, көбінің күйбең тіршілікпен аудан орталығындағы думандарға бара беруге қолы тие бермейді. Осының орайын тапқан аудан әкіміне ауыл қарияларының алғысы шексіз.

 

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист

Шу ауданы