Қажымұқан иген белтемір
Барша қазақ елі күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлымен мақтанады. Аңыз адамның заманынан қалған заттардың барлығы бүгінгі күннің үлкен олжасы. Қажымұқанның туған жылы туралы әртүрлі деректер айтылады. Дегенмен, қазіргі көп таралған өмірбаянында 1871 жылдың 4-шілдесінде өмірге келіп, 1948 жылы 77 жасында өмірден өткені айтылған.
Бізді қызықтырған күш атасы Қажымұқан қолымен иген өгіз арбаның белтемірі Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Бұл белтемірді әйгілі палуан қай кезде иді, біздің өңірге қалай жетті деген сауалдар да көпшілікті қызықтыратыны анық. Аталған темірді иген кездегі өнерін Қажымұқан Мұңайтпасұлы жасы ұлғайған шақта Шымкент қаласында жиналған көпшіліктің алдында көрсеткен секілді. Егер бұл Ұлы Отан соғысының алдындағы оқиға болса, палуанның жасы 69-да, соғыстан кейін көрсетілсе 75 жас шамасында болады. Бұл тарихи белтемірді 2010 жылы Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылғанда көршілес Жамбыл ауданының есімі белгісіз тұрғыны тарту етіпті. Ол тұрғынның аты-жөні бізге беймәлім. Бізге белгілісі әйгілі Қажымұқан иген темір аталған аудандық музейдің этнография залында «Батырлар бұрышында» сақталып тұр. Аңызға айналған палуан иген темірді қызығып тамашалаушылар аз емес екен.
Есет ДОСАЛЫ