Шартарапқа танылған тұлғалар
Ортағасырда еліміздің оңтүстік өңірінен жарты әлемге танымал ойшылдар, ғалымдар мен ғұламалар қанат қақты. Оның ішінде Тараз қаласы мен оның маңайындағы Жікіл, Шелжі, Баласағұн, Аспара, Құлан, Түймекент қалашықтарында да қайраткерлердің бір топ шоғыры қалыптасты. Бұл жайында деректер сол кезеңдегі тарихшылар әл-Қурайши, Ахмад ан-Насафи мен Йақұт әл-Хамауи ар-Руми, Захир ад-дин Бабыр мен М.Х.Дулати еңбектерінде көптеп кездеседі. Бұған дейін де газетіміздің әр санында шаһарымызда дүниеге келіп, шартарапқа танымал болған Таразилер жайында кеңінен тарқатып жазған болатынбыз. Десек те, тарихтың тұңғиық қатпарында қалғандары қаншама?! Бүгінде олардың бірен-сараны туралы там-тұмдап қана деректер кездеседі.
БАДР АД-ДИН ҺИБАТУЛЛА
Араб тарихшыларының еңбектерінде есімі көмескі аталған Бадр ад-Дин Һибаттулла Тараздан шыққан көрнекті дін қайраткері Һибатулла ат-Таразидің ұлы болған. Бұл жайында араб тарихшысы әл-Қурайши Һибатулла жайында «Ол біздің досымыз имам Бадр әд-Диннің әкесі еді» деп көрсетеді. Десе де, әл-Қурайшидің Бадр ад-Дин жайлы мағлұматы өте аз. Тарихшы оны «Мұхаммед бин Һибатулла бин Ахмад ат-Түркістани» деп атайды да: «Мұнда ол әкесі Шуджа ад-Динмен бірге келіп еді. Фикһ (әдеп) ғылымын үйренді, дәріс алды» дейді. Осыған қарап тараздық ойшылдың әке жолын жалғастырып, саналы ғұмырын дін саласына арнағанын білуге болады.
МҰХАММЕДХАН ӘЛ ХУСЕЙН АТ-ТАРАЗИ
Таразда туып, елі мен жерінің атын шығарған таразилер қатарында Мұхаммедхан ибн Мұхаммедғазыхан әл Хусейн ат-Тарази да бар. Ол XIX ғасырда туып, Таразда өмір сүрген көкірек-көзі ояу, діни жоғары адам болған. Тараздық ғалым туған шаһарында медресе ашып, шәкірттерге дәріс берген. Өзі де Ислам дінінің сан-салалары туралы еңбектер жазған.
ӘБУЛ ФУТУХ ИБН ИСРАИЛ АТ-ТАРАЗИ
Ғалым туралы мағлұмат Орта Азиялық тарихшы Нәжмеддин Омар ибн Ахмад ан-Насафидің «әл-Қанд фи зикри уламаи Самарканд» («Самарқанд ғұламалары жайлы кітап») атты еңбегінен ұшырасады. Тараздың бұл перзенті де дін қайраткері болған. Әуелгі білімді Тараз медреселерінің бірінде алған соң Шаш, Самарқан, Бұхараға сапар шеккен. Самарқан ғұламаларынан хадис бойынша тағылым алып, шәкірттер тәрбиелеп, естіген-білген хадис-шәріптерін ізбасарлары арқылы таратып отырған.
ИМАМ ӘБУЛ ҚАСЫМ МАХМУД АТ-ТАРАЗИ
Исламдағы әдеп ғылымындағы қарама-қайшылықтар мәселесі жөнінде ғалым атанған Таразидің бірі – имам Әбул Қасым Махмуд ат-Тарази. Ол туралы мәліметтер тарихшы Йакұт әл-Хамауи ар-Руми деректерінде кездеседі. Сондағы деректерге сүйенсек, Әбул Қасым жылы жүзді, үнемі Құран оқып жүретін жан болған. Ол өзіне дейінгі дін қайраткерлері Хұсайн аз-Занди әл-Бұхари мен Әбул Хасан Әли әл-Бұхариден хадистер жазып алған. Орта азиялық тарихшы Әбу Сад ас-Самани «Мен оны тірі кезінде көрдім, менде ол берген иджаза (ұстазына сілтеме жасауға берілетін рұқсат) бар. Ол Тауауис маңындағы елді мекендердің бірінде дүние салды. Бірақ Бұхараға әкелініп, сонда жерленді» деп жазады. Әбу Сад сондай-ақ, Әбул Қасымның «Имам, ғалым перзенттері бар еді, бәрі Әбу Ханифа мәзһабында болатын. Оларды Мерв, Бұхара мен Самарқандта ұшыраттым» деп еске алады.
ӘБУ ТАҺИР МҰХАММЕД АТ-ТАРАЗИ
Ал, өзге жерде жүріп туған жеріне жыр арнаған Әбу Таһир Мұхаммед ат-Тарази ортағасырда өңірімізден түлеп ұшқан поэзияның алғашқы көрнекті өкілдерінің бірі саналады. Ол жастайынан әкесі Әбу Насыр ИбраҺиммен бірге Иранның ИсфаҺан қаласына қоныс аударып, сонда өмір сүрген. XII ғасырда Тараз қаласынан қоныс аударғандар ИсфаҺан қаласында шоғырланып, бір төңіректе тұрғандықтан, ол төңірек Тараз махалласы атанған. ИсфаҺан да өзінің ақындығымен танылғаны үшін жергілікті тұрғындар оны «Һаджир» (келімсек) ақын деп атаған. Оның шығарған жырларынан бізге дейінгі ортағасырлық араб тарихшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми жазып алған жолдары ғана жеткен. Бұл жырдың үзіндісінде: Киік менің жарамды тырнайды, Жанарыма ол ұйқы бермейді. Ол түрлі нәсілді Тараз киіктерінен еді. Оның екі беті сұлулығы жібек іспетті. Оның екі беті Тараз секілді сұлу еді, – дейді. Бұдан тараздық ақынның туған елін, жусанды жерін сағынғаны, санаменен сарғайып жүрген көңіл-күйі аңғарылады.
МАХМҰТ АТ-ТАРАЗИ
Өткен ғасырда кеңестік саясаттың салқынынан шетелдерге қоныс аударуға мәжбүр болған жерлесіміздің бірі Махмұт ат-Тарази еді. Ол жайында жалғыз дерек Каир университетінің професссоры болған Насрулла ат-Таразидің 1995 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Түркістан түркілері тарихынан» атты мақаласында ұшырасады. Мақалада ғалым жайында: «Қазақстанда және одан тыс жерлерде есімдері кеңінен мәшһүр болған басқа да көптеген адамдарды мысалға келтіруге болады. Олардың кейбіреулері елді орыс коммунистері басып алғаннан кейін Отанын тастап кетуге мәжбүр болды... Солардың бірі – Махмұт бин Назир ат-Тарази. Ол қасиетті Құран Кәрімге өзбек тілінде түсіндірме жазған адам. Оның араб және парсы тілдерінде жазған басқа да кітаптары бар» делінген. Бұдан бөлек, өңірімізден Абдулла Мүбашшир ат-Тарази, Әбу Мұхаммед Жікіли, Абд Әмір Усман ат-Тарази мен меркілік Саид Мирки атты ойшылдар шыққан. Өкінішке қарай, бұлар жайында мәліметтер жоқтың қасы...
Нұрболат АМАНБЕК