Жаңалықтар

Балаға қамқорлық – болашақты қорғау

Бүгінгі қоғамда балалар арасындағы буллинг бүкіл әлемді алаңдатқан қауіпке айналды. Бұл баланың еркелігі де, ойыны да емес. Мамандар бұл қатердің алдын алмасақ, зардабы ауыр болатынын айтып, дабыл қаққалы да біраз болды. Әрине, алдын алу үшін жүзеге асырылып отырған жұмыстар да жоқ емес, дегенмен қатарласына әлімжеттік жасайтын әрекеттер де азаймай отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, қазақстандық жасөспірімдердің 13 пайызы, яғни шамамен әрбір 8 жеткіншектің біреуі кибербуллингке ұшырайды. Қыздарға қарағанда ұлдар арасында бұл сорақылық басым кездеседі. Нақты айтқанда, ұлдардың 15 пайызы, ал қыздардың 12 пайызы буллингтен зардап шегеді. Жасөспірімдердің шамамен 11 пайызы, яғни 9 жасөспірімнің біреуі басқа балаларға киберәлімжеттік жасаушылар тобына қатысқан. Сорақысы сол – 14 пайыз ұлдар, қыздардың 8 пайызы кибербуллингке қатысқанына көбірек мақтанады екен. Бұл деректерді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (HBSC) зерттеуі қорытындысынан шығарған.

Осы мәселеге сараптама жасайтын мамандар буллинг 2018 жылдан бері тұрақты түрде өсіп келе жатқанын тіркеген. Жасөспірімдер, әсіресе, цифрлық ортада бір-бірімен байланысуының артуымен кибербуллинг күшейген. Сондықтан ата - аналарға балаларының әрбір әрекетін бақылауда ұстап, әлеуметтік желі арқылы кімдермен байланысатынын қадағалап отыру аса маңызды. Әйтпегенде, аялап өсіріп отырған баладан қапияда айырылып қалу қаупі басым. Тіпті, буллингтің кесірінен бала өзіне қол салмағанның өзінде де психикасына залалы тиетіні анық. Ал, бұл келешекке жасалған қиянат болмақ. Балаларға жасалған қамқорлық болашақты қорғау екенін ескеріп, бұл мәселеге тұтас қоғам болып мән берген жөн.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА,

журналист