Жадымызда сақталасыз, жақсы адам!
Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Нұрмахан Тілегенов былтыр 82 жасқа қараған шағында өмірден өткен болатын. Біз отбасы, ұрпақтары және ет жақындары ақсақалды сағынышпен еске аламыз.
Ол кісі жайлы жақсы естелік, жылы сөз айтушылар көп. Біздер атамыздың артына ұлағатты із қалдырып кеткеніне шүкіршілік етеміз. Ақсақалдың ұлағатты өмір жолы өнегеге толы. Нұрмахан Тілегенов 1942 жылы дүниеге келген. Ол – ғалым-зоотехник. Сондай-ақ, жоғары білікті ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы-экономист.
Еңбек жолын кеңшарлардың бірінде ферма зоотехнигі болып бастап, 1981 жылдан Жамбыл аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін атқарғаны – ұрпақтарына мақтаныш. Бірқатар кеңшарлардың директоры бола жүріп, өзінің іскерлігін танытқан.
1993-2005 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан болатын.
Нұрмахан Тілегеновтің ерен еңбегі «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, мұнан өзге мемлекеттік үш медальмен, ҚР ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары кәсіподақтары Орталық комитетінің 1 дәрежелі «Еңбек даңқы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Еліміздің Тұңғыш Президентінің Алғыс хатын алған. Жұбайы Ұлбосын екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан 15 немере, 3 жиен-немере, 3 шөбере көрді.
«Асыл адам айнымас», «Бітегене уәжім бар», «Артық болмас білгенің», балалар үшін – «Әдіптелген әліпби», «Әріптер сөйлесін», «177 жұмбақ», тек нақылдардан тұратын, қатарынан үш бірдей «Өрнекті ой мен өрелі сөз» және «Өрелі ойдың ұшқыны», «Зерделі де, зейінді ойлар» атты кітаптары жарық көрген. Бұл кітаптары туралы да біраз қаламгерлер жақсы пікір айтқан. Мәселен, Әзімхан Исабек өзінің Шымкент қаласынан шығатын «Қызмет» газетіне жазған «Қазыналы қарт жазып қойған хатпен тең» атты мақаласында Нұрмахан ақсақалдың өнегелі қасиеттерін және қаламгерлік еңбегін жан-жақты аша білген.
Өмірін ұлағатты істермен өткізген Нұрмахан Тілегенов атамыздың жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай! Атаның асыл ісін ұрпақтары жалғай берер. Нұрмахан атаны үнемі сағынышпен еске алып, жақсы істерін ешқашан ұмытпаймыз.
Сағынышпен еске алушылар:
жұбайы – Ұлбосын, ұлдары –Мұхтар,
Жандар, Дәурен, қызы – Шынар,
келіндері, күйеу баласы
және немере-шөберелері