Хабарландыру

Өрт саны азайғанымен, материалдық залал артқан

Облыста 20 наурыздан бастап өрт қауіпті кезеңі жарияланғаны белгілі. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі және өрт қауіпті кезеңде өртке жол бермеу бойынша көрсетілетін өзге де мемлекеттік қызметтер туралы баяндады.

Ералы Нұрғалиұлының айтуынша, мемлекеттік өрт бақылау қызметі барлық меншік нысандарының өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауын қамтамасыз етуге бағытталған. Оның мақсаты – адамдардың, мүліктің, қоғамның және мемлекеттің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мемлекеттік өрт бақылау қызметі техникалық регламенттер және ережелермен реттеледі, олар әртүрлі меншік нысандары үшін өрт қауіпсіздігі талаптарын белгілейді. Тексерілетін субъектілерге бақылау мен қадағалау жүргізу, меншік нысандары мен қызмет түрлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі. Бақылау және қадағалау қызметі «тоталды» бақылау принципінен бас тартуға және бизнеске қысымды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жоспарлы тексерулер қысқартылып, тек жоғары тәуекел дәрежесіндегі объектілерге қатысты ғана ерекше тексеру тәртібі енгізілді. Жоғары тәуекел дәрежесіндегі объектілердің критерийлері бойынша жоғары өрт қауіпті және өндірістік кәсіпорындар тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, жаппай адамдардың жиналатын орындары, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, үлкен сақтау объектілері (қоймалар) және тағы басқалар (адамдар мен материалдық құндылықтарға өрттің пайда болуы және оның салдары жоғары болатын объектілер) болып табылады. Тексерілетін субъектілерге қатысты тексерулердің жиілігі жылына бір реттен артық емес.

Жыл басында «Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу шаралары» туралы облыс әкімінің қаулысы қабылданып, орман мен дала өрттерін сөндірумен байланысты төтенше жағдайларды жою алгоритмі бекітілген болатын. Осыған сәйкес, республикалық маңызы бар 852 километр, облыстық маңызы бар 593 километр, жергілікті маңыздағы 640 километр автожол мен 840 километр теміржол бойындағы минералды жолақтарды жырту жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін облыс аумағында жергілікті атқарушы органдардың күшімен 19 өрт сөндіру бекеті құрылса, биыл Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында тағы бір өрт сөндіру бекетін құру жоспарланып отыр. Өңірдің ауылдық округтерінде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылғанын атап өткен жөн. Жалпы, елді мекендердегі өрттерді болдырмауға бағытталған алдын алу жұмыстарының көрсеткіштері екі есе өскен. Бұл өндірістік және тұрмыстық өрттердің санын 6 пайызға төмендетуге мүмкіндік беріп, қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің саны өткен жылмен салыстырғанда 57 пайыз азайған. Дала өрттері өткен жылмен салыстырғанда үш есе азайғанымен, орман өрттері 26 оқиғаға көбейген. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл облыс аумағындағы ауа райы жағдайлары мен жиі орын алған құрғақ найзағайларға байланысты болып отыр. Орман өрттері кезінде қайтыс болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. Дегенмен, облыстың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қонақтарды өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Бүгінде облыстың төтенше жағдайлар департаментінде барлығы 19 452 объект тіркелген, соның ішінде жоғары тәуекелді объекті – 2209, орташа тәуекелдісі – 381, төмен тәуекелді объекті – 16 862. Жыл басынан бері 564 профилактикалық бақылау және қадағалау тексеруі жүргізілген. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 457 нысан иелері әкімшілік жауапқа тартылып, 331-іне ескерту берілсе, 126-сына жалпы сомасы 3 545 010 теңге айыппұл салынған.

Айта кетейік, биыл облыс аумағында 478 өрт болып, 6 адам қайтыс болды және осынша адам ауруханаға жеткізілді. Келтірілген материалдық залал 92 миллион 570 мың теңгені құрады. Жалпы, өрт саны 2023 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға азайып, материалдық залал 28,6 пайызға артқан.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП