Экономика

Жаңажол ауылындағы жүйелі жұмыс

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы қолдаған игі жобалардың көмегімен ауылдардың ажары кіріп, әл-ауқаты артып келеді. Мұндай жарқын жобалар – даму кепілі. Сондай жобаның бірі – «Ауыл аманаты». Аталған бағдарлама Шу ауданы, Жаңажол ауылында да қарқынды жүзеге асуда. Жаңажолдықтар бұл мүмкіндікке осымен екінші жыл қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда мал басы көбейіп, егіс алқабынан жиналған өнім көлемі ұлғайған.

Мұнда «Ауыл аманаты» жобасын ілгерілету бағытында «Шу-2021» өндірістік кооперативі құрылып, екі жылдан бері жұмысы жолға қойылған. Аталған кооперативтің төрағасы – ауданның қадірлі ақсақалы, кезінде мемлекеттік қызметте де мол тәжірибе жинаған Жапарқұл Тәжиев.

Аталған өндірістік кооперативтің қадамы шын мәнісінде өрге басып келеді. «Бірлік түбі – береке» дегендей, төрт шаруа қожалық егістік жерлерін біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғаны көпке үлгі. Биыл аталған қожалықтар ортақ мақсат жолына жұмылуының нәтижесінде 800 гектарға егін егу мүмкіндігіне қол жеткізіпті. Оның үстіне техникалары да талапқа сай. Тартынып тұратын ешқандай мәселе жоқ. Осы кезге дейін төраға Жапарқұл Тәжиевтің меншігінде екі трактор, бір комбайн болса, енді жақында құны 28 миллион теңге тұратын «Zoomlion», «Lova» жаңа тракторларына қол жеткізіпті. Жаңа тракторлардың мүмкіндігі мол, сондықтан егіс алқабындағы іс те өнімді.

Жапарқұл Тәңірбергенұлы зейнет жасына жеткеніне қарамастан «Ауыл аманаты» жобасына өз үлесін белсене қосуда. Ол аталған жоба аясында былтыр 23 миллион 300 мың теңге несие алған. Ол қаражатқа 2,5 тонна жүгері, 5,5 тонна арпаның жаңа сұрыпты сапалы тұқымдарын сатып алып, оның игілігін көруге күш салуда. 11 миллион 681 мың теңгеге бидай мен арпаның алқабын құнарландыруға қажетті түрлі минералдық тыңайтқыштар сатып алыпты. 450 мың теңгеге алма бағын отырғызып отыр. Келешекте жаңажолдықтар аталған алма бақтың жемісін көре беретініне сенім мол. Одан бөлек ауыл іргесіне 600 тал көшеттерін отырғызуда да аталған өндірістік кооператив мүшелері белсенділік танытыпты.

Ауылдың экономикасының дамуына, тұрғындардың хал-ахуалының жақсаруына да бұл өндірістік кооперативтің көмегі аз емес. Барлық ауыл шаруашылық техникасы тіркелген тракторлар жеке шаруалардың да жерін жыртып, алқабын дайындап береді. Ақысы нарықтағыдан бірнеше есе төмен. Әр үйге жоңышқаны және басқа да мал азығын 10-15 пайыз жеңілдікпен түсіріп береді. Ол да – жәрдем.

Өндірістік кооперативті басқарудан бөлек Жапарқұл Тәжиевтің өз алдына шаруа қожалығы бар. Биыл 140 гектар алқапқа арпа, 40 гектарға жоңышқа, 100 гектарға пияз егіпті. Арпаның әр гектарынан 30 центнерден өнім алса, пияздан да мол өнім алатынына сенімді. Биыл 140 гектар жерді күздік бидай үшін парға қалдырған. Келесі жылы күздік бидайдан да мол өнім алуды көздейді. Он екі отбасын тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Әр малшы, тракторшы, жұмысшылардың орташа жалақысы 230 мың теңгеден кем емес. Мәселен, ерлі-зайыпты кісілер бір отар мал бақса, тұтынатын ұн мен етінен бөлек, айына 460 мың теңге жалақы алып тұрады. Бұл ауылда жұмыссыз жүргендер жоқтың қасы. Себебі, жұмыс көзін ашып, жастарды жарқын істерге жұмылдыра алатын осындай іскер азаматтар бар.

Жапарқұл Тәжиев 13 жылға жуық Ескі Шу және Жаңажол ауылдық округінің әкімі болған. Ал, қазіргі таңда өндірістік кооперативтің өрге басуына бар тәжірибесін жұмсап отыр. Өзінің жекеменшік бірнеше гектар алқабын қазір немересі Абылайхан Тәжиев ала жаздай күтіп, баптап, суарып жүр. Яғни, немересін де адал еңбекке баулып келеді. Келешекте бүгінгі еңбексүйгіш жас Абылайханнан Отанын сүйетін, еңбектің көзін табатын іскер азамат шығатынына сенім мол. Қарияның ұл-қыздары да қоғамның әр саласында еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолында тер төгіп жүр.

Жапарқұл қария нағыз еңбек адамы. Жігіт шағында үлкен кеңшардағы жүздеген жұмысшы, маманның тілін тауып, өрлеудің кілтін тапты. Екі ауылдық округке кезең-кезеңімен әкім болды. Өзіне міндеттелген жауапты жұмыстарды абыройлы атқарды. Жетпіс жасқа жақындаған шағында әлі де еңбектен қол үзбей келеді. Істің жөнін біледі, жердің қасиетін сезінеді. Басқа мамандар мен диқан, малшыларға жұмыс жөнін айта біледі. Мұқтаж жандарға көрсетер көмегі дайын. Өзге ұлт өкілдерімен де тату. Ауылдың бірлігі мен татулығы үнемі назарында жүреді. Ал, жаңа қадамдарға тәуекел еткен жаңажолдықтардың әрбір ісі табысты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы