Шу өңіріндегі тындырымды тірлік
Өңіріміздің экономикалық дамуына үлесін қосып келе жатқан ауданның бірі – Шу. Аталған ауданның саладағы атқарылып жатқан жұмыстары аса ауқымды. Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Гүлнар Тұрлыбекованың айтуынша, биыл ауданда 73 180 гектарға түрлі дақылдар орналастырылған. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 44089, майлы дақылдар 116,5 гектар алқапты қамтиды. Одан бөлек қант қызылшасы – 1030, картоп – 41, көкөніс дақылдары – 4985, бақша өнімдері – 2430, мал азығы дақылдары 20489 гектарға өсірілуде. Жалпы, биыл 25882 алқапқа 6132 тонна минералды тыңайтқыштар себіліп, жоспар 105 пайыз жүзеге асқан. Сонымен қатар, 6210, 94 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Оның ішінде 5369 гектар алқап тамшылатып суару, 841,5 гектар алқап жаңбырлатып суару технологиясын пайдалануда. Сондай-ақ, 2024 жылы 168 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, жаңарту көрсеткішін 10 пайызға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда 34 бірлік ауыл шаруашылық техникалары сатып алынған. Оның ішінде 22 трактор 380,7 миллион теңгеге алынып, ен даланың еншісіне қызмет етуде. Шаруалар көктем кезінде арзандатылған дизель отынына да қол жеткізген. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығын қолдау жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр.
Біз ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Қорағаты ауылдық округіне де атбасын бұрдық. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бұл ауылға да жеткен. Округтегі бірқатар үйлер арзандатылған несиеге мал алып, тіршіліктерін тіктеген. Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасының заңдылығы мен талаптарына сәйкес бұл ауылдық округте де «Юсип – Шу» өндірістік кооперативі құрылған. Кооператив төрағасы болып ауылға белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласының жағдайын жақсы білетін Рафик Ақбердиев сайланған. Кооперативке үш шаруа қожалық біріккен. Олар қазіргі таңда 40 гектар алқапқа жоңышқа өсірсе, 40 гектарға жүгері егіп, мүмкіндікті кеңінен пайдалануда. Аталған 40 гектар жүгері алқабының 37 гектарына югославиялық, 3 гектарына «Фараон» атты америкалық сұрыпты дақылдар егілген. Қазіргі таңда жүгерінің шығымы жаман емес. Сәтін салса, сары күзде жүгерінің әр гектарынан 90 центнер өнім алынады деп жоспарлануда. Бұл – жоғары көрсеткіш. Аталған жүгері алқабы Шу өзенінен су тарту арқылы арық жүйесімен суарылады екен. Арық ішімен сылдырап аққан күміс су әр жүгерінің түбіне ылғал беріп, нәрлендіре түсуде.
Егіс даласының таза ауасы, жұмыстың адамға берер күш-қуаты қашанда бөлек. Алтын күзде жүгері жиналған сәтте еңбектің ақталғанын көру – екі есе қуаныш. Кооператив төрағасы Рафик Ақбердиев:
Қорағаты ауылдық округінде тіршіліктің қазаны қайнап жатыр. Әр аула көгеріп, гүлденіп тұр. Биыл су жақсы келіп, оның пайдасын жергілікті тұрғындар көріп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құрылған өндірістік кооперативтің де уақыт өткен сайын техникалары жаңарып, мүмкіндігі артып келеді. Алдағы уақытта да жарқын жобалардың мол екеніне көңіліміз толды. Кезінде қант қызылшасын өсірумен аты шыққан ауыл қазіргі таңда жүгері дақылын көп мөлшерде қолға алуда. Алдағы сары күзде қамбаға қызыл жүгері төгілгелі тұр. Моншақтап төгіліп жатқан тердің жемісі деген осы.
Есет ДОСАЛЫ