Білім

Ата-аналарға берілген мүмкіндік

Отандық білім жүйесіне жыл сайын жаңа цифрлық өзгерістер еніп келеді. Өз кезегінде мұндай жаңашылдықтар еліміздің технологиялық әлеуетін арттыратыны анық. Осы бағытта биыл облысымыздағы балабақшаларға цифрлық қаржыландыру жүйесі – ваучерлік әдіс пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр. Енді мектепке дейінгі ұйымдар бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыс алудың орнына, Indigo ваучерлік моделімен қаржыландырылмақ. Бұл әдіс арқылы ата-аналар ең жақсы балабақшаны таңдап, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылай алады. Сондай-ақ, жаңа қағиданы енгізу нәтижесінде балалар бір балабақшадан екіншісіне оңай ауыса алады. Бұл ретте мектепке дейінгі мекемелердің еңбек шығындары қысқарып, жаңа ұйымдар жүйеге оңай қосылады.

Қазіргі таңда елімізде цифрлық платформамен 12 облыс жұмыс істейді. Оны республика бойынша іске қосу жоспарланған. Халықаралық тәжірибені алғаш рет Ұлыбританияда «білім алуға жәрдемдесу схемасы» деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема ретінде қолға алған. Сондағы жобаның мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан қабілетті, дарынды оқушылардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау болды. Дәлірек айтсақ, олардың білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде оқуы үшін төленетін ақысын мемлекет көтереді. Бұл тәжірибе кейіннен кәсіптік білім беруде кеңінен қолданылған. Бүгінде бұл әдіс Чили, Колумбия елдерінде, АҚШ-тың бірқатар штатында қолданылады. Белгілі болғандай, бұл тәсілді енгізу – табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік берумен қатар, мемлекеттік мектептерде бала санының көптігінен сыныптардың толып қалуы, яғни орын жетіспеушілігі мәселесін де шешкен.

Ваучерлік тәсіл қалай жүзеге асады? Мұнда мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ол қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сондай-ақ, оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық немесе бір бөлігін төлеу міндетін алады. Түсінуімізше, бұл жұмыстар мемлекеттік орган, жекеменшіктегі білім беруші ұйым және ата-ана арасындағы өзара келісім-шарттар арқылы реттеліп отырады. Ең бастысы, білім беру саласында ваучерлік тәсілді пайдалану арқылы ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге, білім беру жүйесінде нарықтық қатынасты дамытуға, қызмет көрсетуде бәсекелестікті арттыруға, қар-жының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Жаңа жоба жамбылдықтарға таңсық көрінген соң, бұл мәселе аясында көптің көкейінде сұрақ туындайтыны сөзсіз.

Елімізде ваучерлік қаржыландыруды «Қаржы орталығы» АҚ басқарады. Бұл ретте Indigo жүйесі арқылы банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректер алмасу дербес қамтамасыз етіледі. Облысқа арнайы түсіндірме жұмыстарымен келген астаналық мамандар жаңа жобаның артықшылықтарын айтып өтті.

Бүгінде тұрғындар арасында жаңа қызметтің қыр-сырын түсіне алмай әбігерге түскендер жетерлік. Олардың басым көпшілігі қысылтаяң шақта балабақшадағы орнынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Сонымен бірге мұнда бөбекжай алмастыру мәселе сі де бар. Алайда, сала мамандары мұнда ешқандай қауіптің жоқ екенін айтады. Жүйе бойынша оларға ваучерлік алғаны туралы ата-анаға хабарлама келіп түседі. Ата-ана оған екі күннің ішінде жауап қайтаруы тиіс, егер түрлі жағдайлармен мұндай мүмкіндік туындай қоймаса, онда өтінім беруші келесі кезекке тізім құрылғанда басымдыққа ие тұлға ретінде орны сақталып тұра береді. Сонымен бірге сарапшылар қаржылық аударымдарға байланысты бөбекжай орынын ауыстыру кезеңін ай соңына жоспарлауды ұсынып отыр.

 

Нұрболат АМАНБЕК