Салық саласының мамандары марапатталды
Биыл мемлекеттік кірістер органының құрылғанына – 10 жыл. 2014 жылғы 14 тамыз күні Мемлекет басшысы салық және кеден қызметін біріктіру арқылы жаңа комитет құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінде аталған орган халықтың әлеуметтік дамуы мен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Мерекелік күнтізбеге орай шаһарымыздағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде сала мамандарын марапаттау салтанаты өтті.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы мен қаржы жүйесінің дамуындағы мемлекеттік кірістер органдарының маңыздылығына тоқталып, сала мамандарын айшықты мерекесімен құттықтады.
Бұдан соң аймақ басшысы бірқатар салық саласының ардагерлерін марапаттап, құрмет көрсетті. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ардагерлері – Күлдар Рақымжанова, Тоқтагүл Түсіпова мен Владимир Морозов марапатталды. Сондай-ақ, осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен Ербол Дербісәлиев, Мұрат Дондаев, Карима Қалықұлова, Гаухар Наренова мен Не сіпкүл Тұрдаховаларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Бұдан бөлек, салтанатты жиында сала ардагері Гүлсін Сабденбекова Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасын иеленіп, бірқатар қызметкерлер «Мемлекеттік кірістер органдарына 10 жыл», «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Салтанатты іс-шараның соңы мерекелік кешке ұласты.
Айта кету қажет, облыстың салық саласында тұрақты өсім байқалып отыр. Мәселен, өткен жылы өңірде меншікті кірістер 150,7 миллиард теңгені құрап, 26,3 пайызға артқан. Сондай-ақ, жыл басында меншікті кірістер жоспары 102 миллиард теңгеге орындалып, бюджетке 17,2 миллиард қаражат жоспардан артығымен түскен.
Нұрболат АМАНБЕК