Жаңалықтар

Ауыл кеші көңілді ән-жырымен

Облыстың 85 жылдығына орай Тұрар Рысқұлов ауданының өнерпаздары ауыл аймақтарда көпшілік мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда. Тұрғындарға жаз кештерін көңілді өткізу үшін жылжымалы концерт ұйымдастырып, ауылдарды аралап жүр. Сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалысы қарсаңында балалардың үйірмелері бір-бірімен тәжірибе алмасып, өнер кештерінде бас қосып келеді.

Өскелең ұрпаққа өз еліне деген махаббатты арттыруды көздеген жылжымалы концерт «Туған жерім – дархан далам» атауымен ауданның барлық ауылдарында өтті.

Аудандық мәдениет үйі балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында ауылдық мәдениет үйлері жанынан құрылған үйірме жұмыстарының есептік концертін де ұйымдастырды. Жылдық жоспарына сәйкес, кешенді шара Көкдөнен ауылдық мәдениет үйі жанынан құралған «Іңкәр» би үйірмесінің есептік концертімен басталған. Құмарық ауылындағы «Балауса», Ақбұлақтағы «Алау» би үйірмесі, Қайынды ауылдық клубының «Сырғалым» би үйірмелерінің есептік концерттері де көңілді өткен.

Белгіленген жоспарға қарай барлық ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған үйірме жұмыстарының есептік концерті жалғасын таппақ. Бұл ауыл кештерін ажарландырумен қатар, жас жеткіншектерді өнер арқылы жасампаздыққа, мейірімге тәрбиелейді. Аталған бағыттағы жұмыстар түрлі форматта жалғаса береді дейді ұйымдастырушылар.

 

Т.Рысқұлов ауданы