Түркілік танымнан сыр шерткен тас мүсіндер
Елінің бүкіл әлемдік процестегі алар орнын, бүгінгі күннің болмысын жеке ұғынуға талпынған адамға – өз халқының өмірбаян беттерін парақтай отырып, өткен заман оқиғалары мен құндылықтарына, өзінің тарихи тегіне зер салып, ой елегінен өткізу қасиеті тән. Бұрынғы ұрпақтардан мирас болған бай мәдени-тарихи мұралардың бірегей саласы түркі дәуірінің тас мүсіндері саналады. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескеркіштер шын мәнінде ғажайып әсер қалдырады. Мұндай тарихи жәдігерлер біздің өңірде де аз емес.
Тарихымызды таңбалайтын тас мүсіндер өңірдің әр аудандарынан жинақталып, қазіргі уақытта облыстық музейдің бір бұрышынан арнайы коллекция ретінде орын алған. Тас мүсіндердің ішіндегі аса қызықтысы – бақсы бейнесі салынған тастар. Үш мүйізді, өрнекті, тәж тәріздес бас киім киген бұл мүсін түркілік танымнан хабар береді. Сонымен қатар, музейдің қорында ұзындығы 195 сантиметр, ені 31 сантиметр жұмыр формалы ескерткіш тас бар. Мұның жоғарғы жағында төрт адамның кескіні қатар берілген. Ал төменгі тұсы ою-өрнектермен бедерленген. Дала ескерткіштеріне «Бұл – ата-бабаларымыздың әлемнің төрт бұрышын бейнелеп көрсеткісі келген талпынысы ма, әлде бізге беймәлім әлде бір көне діни ғұрыптың әсерінен туған дүние ме екен деген ойға қаласың...», деп тарихшы ғалым Сержан Ақынжанов жоғары баға берген.
Халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін баст ан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған мұралардың көне дәуірдегі құны жөнінде мамандар тарқатып айтып берді.
Көне заман тас безеушілерінің қолынан шыққан мүсіндерде сомдалған бейнелер сан қилы. Жалпы, түркі дәуіріндегі тас мүсіндерге тән ерекшелік – бұларда адамның түр-тұрпаты дәл, нақты кескінделеді. Олар міндетті түрде беліне қару-жарақ пен белдік, құты асынып тұрады. Осыған қарап тарихшылар тас мүсінде билер мен абыздар, батырлар бейнеленгенін алға тартады.
Нұрболат АМАНБЕК