Құқық

Жаңа заңның мақсаты жазалау емес, алдын алу

Еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін қолынан тастамай ермегіне айналдырған ұялы телефондарды, ондағы сан түрлі әлеуметтік желіні күйеуі өлімші етіп сабаған келіншектердің суреті неге басып барады? Күйеуінің қолынан өлген әйелдер жайлы жазбалардың жиі жүктеле бастағанынан не күтуге болады?.. Құдай қосқан қосағына ер азамат деп қарамай, тайраңдайтын қыз-келіншектердің танымалдылығы артқаны дұрыс па енді?..

Жақында ғана, 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қол қойған, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңның төңірегінде әлдекімдердің алуан түрлі алыпқашпа әңгімелерді өршітуін тоқтатпауы неліктен?.. Оған заңның қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам болғанын мойындағысы келмейтін, ауызымен орақ орғыш еріккендердің тірлігі екенін білсе де, қарапайым жұртшылықтың көбінің сеніп қалып жатқаны несі?

Әрине, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейтін жаңа заңның өмірге келгенін қуана қостағандардың қарасы қалың. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған осы заңды бұра тартып, елге қорқынышты етіп жүргендердің ойында не барын кім біледі?

Қалай дегенде де, әйелдер мен балаларға жасалған, оның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтып, оларды қорғауға бағытталған, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізген, отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған, қоғамда үлкен резонанс тудырған құжат қой бұл.

Тіпті, 16 маусымда заң күшіне енген күні epetition.kz порталында заңға қарсы петиция пайда болды. Петиция авторлары әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңдарға тосқауыл қоюды талап етті. Авторлар қабылданған заң дәстүрлі тәрбие беру үдерісін қылмыстандырады, билік азаматтардың жеке істеріне араласады, ал ата-аналардың көпшілігі соның кесірінен айыппұл төлеп, есепке алынып, тіпті ата-ана құқығынан айырылады деп санапты.

Заң қолданысқа енеді деген уақыттан бастап бұл заңда түбегейлі не жазылғанын білмейтіндерге «Енді қит етсе баланы ата-анасынан тартып алады, балаңның бетіне қарап сөйлей алмайсың» деген жалған ақпар тарала бастады. Оны айтасыз, тартып алған баланы біржынысты некедегі адамдарға береді дегенді блогерлер мен журналистерге сұхбаттарында шімірікпей айтып салғандар да бар.

Сөзіміз түсінікті болуы үшін, сәл шегініс жасайық.

Нәзік жыныстылар мен балаларды қорғау туралы құжат елімізде 2009 жылы әуел баста «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» деген атаумен қабылданған еді. Қазақстан ТМД ішінде осындай заң қабылдаған алғашқы ел болды. Мемлекетімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі болып есептелгендіктен, кейінгі жылдары заңнамаға жауапкершілікті күшейту жағынан бірнеше рет өзгерістер де енгізілді. Адамдардың озбырлығының көбеюі, қатыгездіктердің шектелмеуі, қара ниеттіліктің белең алуы заңнаманың шикі тұстарының бәрібір көп екендігін байқатқан еді.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Сөйтіп, 49 баптан тұратын заң жобасы 2019 жылғы қазанда дайындалып, халық назарына ашық талқылауға ұсынылды.

Онда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын құжатта тұрмыстық зорлық - зомбылық үшін жазаны қатайту, полиция қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейту және отбасылық агрессорларға отбасына жақындауға тыйым салу ұсынылды. Сондай-ақ, ақпараттық-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру, заң көмегін көрсету, ведомстволық статистикалық есепті жүргізу, тұрмыстық зорлық - зомбылық фактілерін анықтау мен ден қою, медициналық-әлеуметтік оңалту қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етудің нормалары, полиция органдарының ерте араласуы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесудегі өтініш беру қағидатынан анықтаушыға көшу туралы нормалар белгіленді. Ол бойынша, мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық қатерлері туралы, оның ішінде әлеуметтік желілерде орналастырылған хабарламалар да полицейлердің ден қоюы және жеке профилактиканың алдын алу шараларын қабылдау үшін негіз болып табылады. Бұдан басқа, полицейлердің қорғау нұсқамаларын шығарудағы өкілеттіктерін кеңейту ұсынылды: зардап шеккендермен және балалармен байланысуға, қарым-қатынасқа, олармен кездесулерге және оларды қудалауға 30 күндік тыйым салу шарасы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша да, сондай-ақ осындай қауіпті сәйкестендіру нәтижелері бойынша да шығарылуы мүмкін болды.

Өзгерістер мен түзетулер арқылы толықтырылып, дамытылған жоба қоғамда және бұқаралық ақпарат құралдарында биылғы жылға дейін үздіксіз әрі кеңінен талқыланды.

Парламент отырыстарына ҮЕҰ, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері қатысты.

Жалпы алғанда, барлық түзетулер дәйекті рөл атқарады, өйткені олар көптеген мәселелерді, соның ішінде суицидті әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде насихаттауды криминализациялауды қамтиды. Олар азаматтық қоғамның одан әрі дамуы үшін негіз болады және азаматтардың санасында қоғамдық қатынастардың жаңа заманауи моделін қалыптастырады, онда адам құқықтары бірінші орынға қойылады, жеке тұлғаның қадір-қасиеті танылады.

Екіншіден, бұл нормалар архаикалық негіздер мен дәстүрлерді бұзады, содан кейін отбасылық және қоғамдық қатынастар саласындағы агрессорлардың қылмыстық белсенділігін төмендетеді. Осылайша, Қазақстанда әлеуметтік теңдік принципі нығаяды және қоғамда жыныстық кемсітушілік көріністеріне нөлдік төзімділік қалыптасады.

Ең бастысы, бұл заң – атқарушы билік пен азаматтық қоғам арасындағы консенсус, Президент пен халық арасындағы келісілген әрекеттің нәтижесі.

Заң – біздің қоғамды демократияландыру бағытындағы ең ірі қадам.

Президент Қасым - Жомарт Тоқаев қазір елімізде қоғамды демократияландыруға бағытталған дәйек тіре формаларды тиімді жүргізіп отырғанын айтуымыз керек. Сайланбалы және партиялық заңнама реформаланды, Парламенттің рөлі күшейтілді, гендерлік теңдікке және адам құқықтарын сақтауға зор көңіл бөлінуде. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ең көп әрі ашық талқыланатын қоғамдық мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес.

Алайда, жобаны талқылау кезінде екіге жарылған қоғамның бір тобы заң қабылданғаннан кейін де наразылыққа бой берді. Сарапшылар мен заң авторларының айтуынша, наразылықтың көбі заң тұжырымын халықтың денінің дұрыс түсінбеуінен болған.

БҰҰ-ның дерегінше, біздің елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Отбасылық абьюзерлердің қолынан кемінде 80 әйелдің өмірі қиылған. Жалпы, еліміз бойынша жыл сайын ішкі істер органдарына шамамен 30 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендігін айтып шағымданса, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі. Өткен жылы 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Күн сайын 342 адам отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

Құқықтық статистика комитетінің ресми мәліметінше, елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбаны болады. Мысалы, 2022 жылы елде балаларға қарсы 2000-нан астам қылмыс жасалған. Олардың үштен бірінен астамы жыныстық сипатта болған. Айталық, Жамбыл облысының өзінде күні кешеге дейінгі аралықта 1800-ден аса зорлық-зомбылық дерегі тіркелген.

Өткен жылдың қараша айында қазақстандықтар Otinish.kz сайтында Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны мейлінше қатаңдатуды талап еткен ашық хат жолдады.

Сәуір айында қазақстандық белсенділер мен құқық қорғаушылар құрамындағы бастамашыл топ ел тұрғындарынан Сенатқа заң қолдауымен хат жіберуді сұрап, «Парламентке хат жаз» акциясын іске қосты. Бастаманы 5000-нан астам қазақстандық қолдады.

Ал, Сенатқа жолданған заң жобасын талқылау кезінде 154 мыңнан астам қазақстандық отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы онлайн петицияға қол қойды. Берлин мен Италияда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды қолдайтын шаралар өтті, оларға 150 адам жиналды. Қатысушылар мұндай жағдайға қоғам бұрынғыдай бейжай қарамайтынын көрсетті.

Мемлекетіміз халық пікірі мен сұранысына құлақ асты, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатты.

Баланы асырап алуда, патронаттыққа беруде де кілтипаны бар тараулар түзетілді.

Мәселен, көктемге қарай Ұлытау облысында бағам-қағам деп алған балаларына мал бақтырып қойған әйел туралы ақпарат шыққаны жұрт есінде. Одан кейін Шымкентте психикалық ахуалына қарындасы күмән келтіретін адамның балаларды асырап алғаны, олардың теперіш көргені анықталды. Алты баланы жуындырмай, ашқұрсақ ұстаған. Ненің етін жегізгенін айтуға аузың бармайды... Әлгі кісі 6 баланы 2021 және 2023 жылдары алған. Олардың екеуі сот шешімімен әйелі екеуінің асыранды балалары саналса, қалған төртеуі өзінің қамқоршылық тәрбиесінде болған.

Міне, заңда осындай сорақылықтарға жол бермеу жағы қатаң қолға алынды.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, заңда жалпы 70-тен астам позиция бар. Оның 49-ы балаларға арналған түзетулер.

«Балаға ұрысуға, нұқуға болмайды, мемлекет тартып алады екен» деген секілді ел арасындағы түрлі пікірлер негізсіз. «Маған қол көтерді, мені шапалақпен сарт еткізді» деген сөздерге бола отбасынан баланы алып кету деген ұғым жоқ. Мемлекет баланы тартып алмайды. Бірақ талап күшейтілді. Бұдан былай педофильдер мен бала өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Бұрынғыдай тараптардың кешірімі мен келісімі деген шаралар мүлдем алынып тасталды. Айыпты тұлға бірден жауапқа тартылады.

Жаңа заң неке-отбасы заңнамасы негіздерін дәстүрлі отбасылық құндылықтармен нығайту және насихаттау сияқты жаңа принциптермен кеңейтілген. Онда жергілікті өкілді және атқарушы органдардың неке институтын нығайту жөніндегі құзыретін кеңейту және отбасылық, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға, отбасына жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру көзделген.

Енді кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді; денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады; бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы беріледі; 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге қатаң жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болды.

Жаңа заң қылмыстардың алдын алады. Қылмыстардың алдын алу үшін отбасы институтын нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасын қолдау орталықтарын құруға, отбасы мәселелері бойынша «111» байланыс орталығының жұмыс істеуіне, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық жаңалықтар бар.

Бұл Заңның негізгі мақсаты жазалау емес, алдын алу. Әрбір азамат Заң мәтінінен, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін таба алады.

Сайып келгенде, әлемдік жүйедегі қоғамның өркениеті оның әйелдерге деген көзқарасымен анықталатынын ешкім ұмытпауы тиіс. Дамыған қоғамның негізгі сипаттамасы әйелдерге еркектермен бірдей тең құқықтар берумен өлшенетіні де зайырлы мемлекеттің әрбір азаматының есінен шықпауы керек.

Заңның түбірі зорлық-зомбылықтың табиғатын түсінуге негізделген. Мұнда олар оның салдарын емес, себебін жоюға тырысады. Зерттеулер көрсеткендей, зорлық-зомбылықтың тамыры тереңде, әйелдің бағынышты рөлі туралы патриархалдық идеяларда, гендерлік теңсіздік пен биліктің теңгерімсіздігінде, яғни отбасының бір мүшесінің бақылау, қорқыту немесе физикалық басымдығы арқылы басқа бір екіншісіне билік жүргізуінде.

Жаңа нормаларды теріс пайдалану, демографиялық құлдырау және жастардың кетуі, Қазақстандағы отбасылық қатынастар мәселелеріне «батыстық тәсілді» қолдану, заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған ер адамдарды қорғаудың болмауы, отбасылық дебоширлерді өз үйлерінен шығару секілді бірқатар нормалардың жеткіліксіз пысықталуын алға тартып, жаңа заңнаманы сынаушыларды екі үлкен топқа бөлуге болады: олардың біріншісі заңның мәні туралы ақпараттың жеткіліксіздігімен байланысты, екіншісі азаматтардың бір бөлігінде әйелдің орны мен рөлі туралы архаикалық түсініктердің орын алуына байланысты.

Заң зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әрі әйелдерді қорғау және әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Онда зорлық-зомбылықтан қайтыс болған бала мен әйелдің мүддесі жатыр.

Осы жерде тағы бір мәселені қозғамай кетпеуге болмайды. Кез келген қоғамда бір-біріне мүлдем қарама-қайшы әртүрлі көзқарастары бар, әртүрлі топтар кездесуі заңды. Біздің елімізде де әйелдердің тең құқықтарын мойындамайтын дәстүрлі емес исламды ұстанушылар бар. Біздің қоғамды патриархалды деп санайтын радикалды феминистер де бар. Елдің толыққанды азаматтары ретінде екеуі де өз пікірлерін айтуға құқылы. Дегенмен, архаикалық көзқарастың санаулы өкілдерінен абсолютті саналатын қоғамдық көпшіліктің ой-пікір, ұсынысы ылғи басым түсіп отырады. Бұл заңды да.

Қоғамдық прогресті жеделдету қажеттігі туралы үнемі айтып жүрген Мемлекет басшысы осы жылдың 3 қаңтарындағы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Біз архаикаға арқа сүйеп жүре алмаймыз» деп мәлімдеген болатын. «Ұлтымыздың жаңа өрлеуі үшін біз үнемі прогрессивті құндылықты сіңіріп, елді артқа тартатын барлық қасиеттен арылуымыз керек», деді Президент.

Бұл ретте, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» механизм тетігі іске қосылған «Жаңа заң отбасы мәселелерін оң шеше ме?», «Жаңа заңның тиімді тұсы қандай?», «Оның бала-шағаға әсері ше?..» деген сауалдар төңірегіндегі қоғам пікіріне біздің аймағымыздың да белсенді азаматтары өз үнін қосты.

Сексеннің сеңгіріндегі ардагер ұстаз, көпті көрген ана Райкүл Омарова «Қазақ менталитеті о бастан мұндай заңға зәру емес еді. Тарқатып айтайын десең әңгіме көбейеді. Онсыз да шырқы бұзылуға шақ қалып тұрған шаңырақтардың буынсыз жеріне пышақ ұрғанмен тең боп тұрғандай әсер етуде бұл заң. Балаларға қиын. Отбасы құндылығының күретамыры – Әке – Ана – Бала. Есі кеткен адам болмаса, осыларды бір-бірінен ажыратып, жазалағанда не табады? Заңды түгел оқып-түсінбегендер осылай біржақты ғана айтатыны сондықтан. Бұл тақырыпты да, заңды да егжей-тегжейлі сүзгіден өткізу керек» десе, «Қазір біз матриархатқа көшіп бара жатырмыз. Қазіргі кезде еркектерде тең билік құқығы жоқ. Өйткені, қазір қай жерде де, қай мәселеде де әйелдер басымдық алған. Негізі бізге алдымен ұлттық идеологияны қолға алу керек. Сонда біз зорлық-зомбылық дегеннен құтылар едік», дейді белгілі «Тараз триосының» жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков.

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының және «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова «Әйел азаматтары таяқ жеп, балаларымен көшеде қалмауы тиіс. Бұл заң расымен зорлық көрген, қорлық көрген әйелді қорғаса жақсы. Алайда, бір жағынан әккі қыз-келіншектер заңнаманың кейбір тармақтарын өзінің жеке бас пайдасына әбден пайдаланып, әділеттіліктің жүйесі керісінше бағыт алып кетпеуі тиіс. Онда әрине, ер азаматтарға деген құрмет төмендейді» деп күдігін білдірсе, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына қосыла отырып, біздің мемлекетіміздің отбасылық-тұрмыстық зорлық - зомбылық деңгейін төмендету бойынша белсенді қадамдар жасап отырғанын айтты. «Біздің орталық 2021 жылдан бастап отбасы институтын қолдау мақсатында психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 6 бағыт бойынша әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, ақпараттық - консультациялық қызметтер көрсетіп келеді. Биыл өңірдің Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында отбасын қолдау орталықтары ашылады деп күтілуде» деген ол заңның дер кезінде қабылданғанына ризашылығын білдірді.

«Жаңару» РҚБ-нің облыстық филиалының төрағасы, қоғам қайраткері Қасымхан Төлендиевтің сөзінше, жұрттың көбі әлі заң туралы ұзынқұлақтан жеткен теріс дақпырттардың дүмпуімен жүр. Егер байыбына барып, терең бағамдаса, бұл заңның азаматтардың бір-біріне көзқарастарын дұрыстап, қарым-қатынастағы жауапкершіліктерін арттыратынына, сол арқылы қоғамды неғұрлым ізгілендіру жолына салуды көздейтініне көз жетеді. Ең бастысы, заң аясында ұлттық әдеп-ибамыздан, болмыс-мінезімізден, дәстүр-салтымыздан айырылмау – елдікті сақтайды.

 

Үміт БИТЕНОВА