Аймақ

Салыққа қызмет – халыққа қызмет

«Есептей білгеннің есесі кетпейді» дейді халық даналығы. Отбасынан бастап мемлекеттік деңгейге дейін кіріс-шығыстың есебі болғаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда отбасында да, Отанда да экономикалық құлдырау орын алатыны сөзсіз. Оған еш дәлелдің қажеті жоқ.

«Теңге тиыннан құралады» деген де бар халық даналығында. Бұл үнемшілдікке, ысырапқорлыққа жол бермеуге қатысты айтылған қағида. Міне, осы жерде салық қызметінің орны бөлек. Салық саясаты дұрыс жолға қойылғанда ғана экономикалық дамуды еселеп, табыстан тау тұрғызуға болады. Керек болса, тиынға тіс сындырып, халық қаржысын көздің қарашығындай сақтауға барын салу керек. Ал, енді осы жерде қаржылық сауаттылық өте маңызды. Арнайы білімі жоқ кісі қанша ниеті адал, тілегі түзу болғанымен жақсы нәтижелерге қол жеткізе қоюы қиын.

Елімізде экономиканы дамытуда арнаулы есеп-қисап мамандарын дайындаудың маңызы зор. Оған еліміздегі қаржы, оның ішінде салық қызметінің бүгінгі жағдайы дәлел. Оны өз қызметімнен көрдім, бастан кешірдім. Сондықтан, мен жүрек қалауымен таңдаған мамандығымды мақтан етемін.

Заманында Қазақстан бойынша қаржы саласының мамандарын дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орны Алматы Халық шаруашылығы институтын бітіріп (қазір Т.Рысқұлов атындағы экономикалық академия) шыққаннан кейін туған жеріме туымды тігу мақсатымен Әулиеата топырағына оралғанмын. Содан бергі 40 жылдан астам өмірім өңірдегі қаржы мекемелерінде өтті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де саладан алыс кетпей, облыстық кірістер департаменті ардагерлер ұйымына жетекшілік жасап келемін. Қоғамдық жұмысым қаншалықты жемісті, оның төрешісі – халық.

Менмендік пен өзімбілермендік жақсыны да, жаманды да жарға соқтырады. Мақтанғаным емес, маған ондай мінез жат.

Менің қызметтік жолымның қалыптасып, үлкен даңғылға айналуында аға буыннан алған тәлім-тәрбиемнің орны бөлек. Мен қызметке кіріскенде облыстық қаржы басқармасы мемлекеттік кірістер бөлімінің бастығы болған Әбдікәрім Айманов – менің саладағы алғашқы ұстазым. Одан кейін Зауыт аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Лидия Никитична Комиссаренкодан, салық инспекциясы қаржы бөлімінен бөлініп шыққандағы алғашқы басшы Құрманәлі Бекмұрзаевтан, облыстық салық комитеті бастығының орынбасары Сайдалы Жайлауовтан үйренгендерім көп. Солардан үйрене жүріп кейінгілерге үйретуден аянған жоқпын.

Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін салық саласында көптеген өзгерістер болып, оның жаңадан қолданысқа енген түрлерін аудандар мен ауылдық округтерді аралап жүріп түсіндірген кездер естен кетер ме, сірә?! Ондайда тырнақ астынан кір іздеп, кемшіліктерді бетке басқаннан гөрі жас мамандарға салық заңдылықтарын жете түсіндіріп, үйреткен абзал. Сонда жұмыс жемісті болатыны талассыз.

Мен облыстық қаржы басқармасы кірістер бөлімінің аға тексеруші ревизор инспекторлығынан бастап Зауыт аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары, Тараз қаласы салық комитетінің бастығы, аудандық мемлекеттік салық инспекциясының бастығы, облыстық салық комитетінің, кейін облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, басқарма басшысына дейінгі лаузымдық қызмет сатысында салық саласының үлкен мектебінен өттім. Мемлекеттің бюджет қоржынын толтыруға өзіндік үлес қосқаным – мен үшін мақтаныш. Осы арқылы халқыма қызмет еттім. Мамандығымды мақтан ететінім де сондықтан. Еңбегім жеміссіз емес. Сала бойынша республикалық, облыстық, аудандық деңгейде бірқатар марапаттарға ие болдым. Бұл – еңбектің бағаланғаны.

Салыққа қызмет – халыққа қызмет. Жоспарлы экономика кезінде де салық төлемегені үшін тиісті жазасын алып жататын. Бірақ, дүние-мүліктің бәрі мемлекеттік меншік санатында болған соң, салықтың уақтылы төленбегені үшін шаруашылықтың немесе өнеркәсіп орнының банкротқа ұшырағанын естіген ешкім жоқ. Әйтеуір, уралаған ұранмен жоспар орындалып жататын. Жеке меншіктің үлесінде дүние-мүлік, онда да мал ғана, шектеулі. Сондықтан, оған салынатын салық мөлшері көзге көрінбейтін.

Еліміз нарықтық экономикаға көшіп, агроқұрылымдар мен кәсіпорындар жекешелендіріліп, шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашылып, адамдар кәсіпкерлікпен айналыса бастағаннан кейін мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі салық екенін ел біле бастады. Дегенмен, бұл ретте салық саясатын жүйелі жүзеге асыру үшін қаржылық сауаттылық өте-мөте қажет болды. Міне, салық органдары жұмысының маңыздылығына мән беру керектігі мәселеге айналғаны да осы тұс.

Өндірілген өнім, атқарылған жұмыс, жасалған сауда, бәрі-бәрі үшін салық төлеу міндеттілігін жекелеген адамдар түсіне алған жоқ. Сондықтан, кейбіреулердің іс-әрекеттерінде кемшіліктерге түсіністікпен қарап, олармен түсінік жұмыстарын жүргізу үшін салықшылардың барлық құрылымдарды аралауына тура келді. Мақсат – салықты толық игеріп, мемлекеттің бюджет қоржынын толтыру.

Бес саусақ бірдей емес, өтірік білмегенсіп, өндірілген өнім мөлшерін кемітіп көрсетіп, салықтан жалтарғысы келгендер қаншама?! Біз солармен күрестік. Жасырылған немесе кем көрсетілген өнім үшін салық өндірдік.

Атқарылған жұмысты таудай етіп көрсетіп, жалған көрсеткіштермен бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны жалмағандармен де, жалдамалы жұмысшылардың салығын төлемегендермен де күрес жүргізген салықшылар. Әрине, бұл жерде күштік құрылымдар мен басқа да тексеруші органдардың қызметін жоққа шығармаймыз. Бірақ, салықшылар қызметінің маңызы зор екені даусыз.

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың барлығы да жалпы байлықтары туралы декларация тапсыруға міндетті. Бұл мемлекеттік салық саясатының маңызды бөлігі. Бұл ретте экономиалық өнім өндіруге қабілетті, еңбекке жарамды әрбір азаматты, тіпті, зейнеткерлерді де декларация тапсыруға міндеттеу керек. Бұл да мемлекеттік кірісті молайтудың бір жолы. Себебі, мүліктік, көліктік салықтан жалтарғысы келгендер жылжымайтын мүліктері мен көліктерін басқалардың атына тіркеп амалдайды. Ондағы теріс пиғыл – салық төлеуден жалтару.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауларында, соңғы кездерде өткізіліп жүрген Ұлттық құрылтайларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, адал адам туралы үнемі айтумен келеді. Елімізде сыбайлас жемқорлық, парақорлық, дүниеқорлық, мансапқа қарсы ымырасыз күрес ешқашан бәсеңдемеуі және тоқтамауы керек. Табандылық табысқа жеткізеді.

Халқымызда «басшы – біреу, қалғандары – тіреу» болуы керектігі туралы тамаша қағида бар. Ендеше ел Президенті алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға біркісідей жұмылуымыз керек. Сонда ғана мемлекетіміз бай, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болады.

Салықшылар осы бүкілхалықтық іске зор үлес қосып жүргенін мақтанышпен айта аламын.

Қазақстанда 1991 жылға дейін елдің экономикалық дамуына жоспарлы әкімшілік-басшылық жүйе жағдайында салықтар жай ғана бөліністік-қазыналық қызмет атқарған. Ол өндіріс өсуінің тиімділігін, жаңа технологияны енгізуді, тауарлық өнім өндіруді арттыруды ынталандыра алған жоқ. Анығында, реттеуші немесе белгілеуші бағада салынған салық төлеуші жұмысының тиімділігі дәрежесіне қарамастан автоматты түрде бюджетке аударыла салатын.

Нарықтық реформаларға көшуге орай салық органдарын құрудың қажеттілігі пісіп-жетілген еді. Осылай, 1991 жылдың 9 шілдесінде Қазақ ССР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік салық қызметі құрылған. Осы Жарлыққа сәйкес Қазақ КСР Министрлер Кабинеті салық инспекциясының Ережесін бекіткен. Алғашқы салық органдары жұмысында қиындықтар болмай қалған жоқ. Ең алдымен есептеу-есептеп шығару техникасы жоқтың қасы еді. Көлік жетіспейтін. Маман кадрлар жоқ.

Осындай қиындықтарға қарамастан салық алымдарын, міндетті төлемдерді жүйелеп, тәртіпке келтіріп, бюджет қоржынын толтыру керек болды. Ол қиындықты Мемлекеттік салық инспекциясы атанған ұйымның жаңадан ашылған Жамбыл облыстық органы да бастан кешкен.

Қандай істің болса да басталуы қиын. Сол қиындықты жеңу жолындағы жігерлі жұмыстың бастауында Құрманәлі Бекмұрзаев, Қамлет Бейісов сынды инспекцияның алғашқы басшылары тұрды. Олардың белгілі бір бағытта, нық ұстаныммен жұмыс жүргізулеріне ҚР Президентінің Заң күші бар «Салықтар мен басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы» Жарлығы жақсы әсер етті.

Кейіндеу инспекциядан басқармаға айналған органның қызметі күрделілене түскен. Бәрі де жаңа жүйені қалыптастыру, халыққа қызмет көрсетуді жақсарту, мемлекет қазынасына қаржы түсіріп, байлығын арттыру мақсатында жүзеге асты.

ҚР Президентінің 1998 жылғы 12 қазандағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер жүйесін одан әрі реформалау туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер министрлігі құрылып, оның жұмыс ауқымы арта түскен. Өйткені, салық комитетінің, кеден комитетінің, салық полициясы департаментінің, «Кәсіпорындарды қайта құру және тарату жөніндегі агенттік» акционерлік қоғамының және алкоголь өнімдерін өндіру мен айналымына мемлекеттік бақылау жөніндегі комитеттің мүліктеріне иелік ету, ісін басқару міндеттері министрлікке берілген.

Осы өзгерістер саланың төменгі органдарына да ықпал етіп жатты. Әсіресе, қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру, білімдерін жетілдіру міндеті бірінші кезекте болатын. Саланы білікті маман кадрлармен қамтамасыз етудің маңызы зор еді. Онсыз істің ілгері басуы мүмкін емес. Бірақ, істеріне берілген, міндетті жұмыстарына адал қызметкерлер сол мүмкін еместі мүмкін жасады. Сол кездерде осындай игі істердің бастауында тұрып, ұжымға жақсы басшылық жасап, жұмысты ұтымды ұйымдастыра білген А.Нұрымов, С.Жайлауов, А.Жылымбетов, К.Матвалиев, Е.Аққалиев, Н.Ысқақбаев, Ғ.Сәрсенбаев, А.Мелдебеков, А.Тынысбеков сынды басшылармен тізе түйістіре қызмет атқарып, еселі еңбегіммен ел игілі жолындағы іске үлес қосқанымды мақтан етемін.

Мен оны айтпасам, өткенге топырақ шашқан болар едім. Бұл айтқандарым кейінгі жас әріптестеріме үлгі болу үшін де керек.

Мемлекеттік кірістер органдарының мемлекет өміріндегі рөлі жоғары. Сала ардагерлерінің ендігі мақсаты – соны кейінгі буын өкілдеріне жете түсіндіріп, тәлімгерлік қызметтің сапасын арттыру.

Төл мерекеде сала мамандарының ел игілігі жолындағы еселі еңбектеріне табыс тілеймін.

 

Әділбек ӘЛІШЕВ,

«Салық қызметі

органдарының ардагерлері»

Республикалық қоғамдық

бірлестігінің облыс бойынша

филиалының төрағасы,

«Салық қызметінің үздігі»